«Қорқыт ата» кешені «ЭКСПО-2017» көрмесінің қонақтары күтілетін орындар тізіміне енді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - III «Байқоңыр» инвестициялық форумының алғашқы күні делегаттар Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» кешенінде Қызылорда облысында туризмді дамыту мәселелерін талқылады. Киелі мекенді көруге алыс және жақын шетелдерден 40-тан астам делегат келді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

«Қорқыт ата» кешені «ЭКСПО-2017» көрмесінің қонақтары күтілетін орындар тізіміне енді

«Қызылордада туризмді дамытуға мүмкіндік мол», - дейді инвестициялық форумға қатысушы шетелдіктер. Айта кету керек, «Қорқыт ата» зиярат ету кешені өткен жылдың соңында ғана пайдалануға берілген. Онда туристерге барлық жағдай жасалған. Кешен Байқоңыр қаласына жақын орналасқан. Ғарыш кемелерінің ұшу сәтін көрушілер қатары да жыл санап артып келеді. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің нысандар тізіміне Байқоңыр қаласымен бірге «Қорқыт ата» кешені де енді. Демек, көрме қарсаңында осы екі нысанды көруге келушілер қатары күрт артары сөзсіз. Бұдан бөлек, Қамбаш көлінің жағасын демалыс орнына айналдыру мақсатында үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Болашақта суы тұнық көл көпшілік демалатын туристік орынға айналуы тиіс. Ал «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында түрлі қызмет көрсету орталықтары бой көтереді. Қызылорда облысы аумағында тарихи жерлер, ескі қалалар көп. Мәселен, Сығанақ, Шірік-Рабат, Жанкент шаһарлары осы Сыр аумағында орналасқан. «Сыр даласында туристердің қызығушылығын туғызатын жерлер аз емес. Мәселен, біздің фирманың қызметін пайдаланып, Арал теңізіне келетіндер көп», - дейді «Тұран-Азия» туристік компаниясының менеджері Гүлғайша Қасенова. Естеріңізге сала кетейік, биыл «Байқоңыр» инвестициялық форумы Қызылордада үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Нәтижесі мол. Бүгін туризмді дамытуға қатысты 4 меморандумға қол қойылды. Ертең де форум аясында өңір келешегі үшін маңызды тағы бірнеше келісімдер жасалады деп күтілуде. Осы күннің кешінде форум делегаттары «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымыранның көкке көтерілгенін тамашалайтын болады, делінген хабарламада.