Коронавирус пандемиясы кезінде қазақстандықтар қандай қиындықтарға тап болды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус пандемиясы кезінде қазақстандықтардың 58 пайызы ем-дом алуда қиындықтарға тап болды. Бұл туралы бүгін елордада денсаулық сақтау саласындағы халықаралық зерттеудің нәтижесін таныстыру кезінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Осы зерттеуді 15 елде STADA фармацевтикалық компаниясы жүргізген. Бұл зерттеу жыл сайын Еуропаның елдерінде өткізілетін. Ал биыл осы сауалнамаға Қазақстан да енгізілді. Биыл зерттеу аясында 30 мыңнан астам адам сауалнамаға қатысып, олардың арасында екі мыңнан астам Қазақстан азаматы болды.

«Соңғы екі жыл ішінде әлем елдері денсаулық сақтау жүйесінің жұмысы қиындай түсті. Бұл тұрғыда қазақстандық респонденттердің 58 пайызы және сауалнамаға қатысқан еуропалықтардың 57 пайызы пандемия кезінде ем-дом алуда қиындықтарға тап болғанын атап өткен. Қазақстандықтардың 30 пайызы (Еуропа бойынша орташа көрсеткіш 22%) дәрігерге дер кезінде жазыла алмағанын айтып отыр», - делінген зерттеу мәліметінде.

Сонымен қатар, сауалнама кезінде қамтылған Қазақстан азаматтарының 28 пайызы жеткізудегі іркілістерге байланысты дәріханада қажетті дәрі-дәрмектерді таба алмағандарын атап өтті. Ал осы мәселеде Еуропа бойынша орташа көрсеткіш 10 пайызды құрады.

«Қазақстан тұрғындарының 12 пайызы және еуропалықтардың 22 пайызы ауруды жұқтырып алудан қорқып, дәрігерге баруды кейінге қалдырған», - делінген зерттеу деректерінде.

Мұнымен қоса, сауалнамаға қатысқан Қазақстан азаматтарының 68 пайызы веб-камера арқылы дәрігер кеңесін алуға келісетінін атап өткен. Бұл өз кезегінде орташа еуропалық көрсеткіштен (64%) асып түсті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған зерттеу аясында Қазақстан азаматтарының 61 пайызы ресми медицинаға сенетінін айтқан.



Соңғы жаңалықтар