Қазақстан азаматтарының 61 пайызы ресми медицинаға сенеді – зерттеу
Аталған зерттеуді 15 елде STADA фармацевтикалық компаниясы жүргізген. Бұл зерттеу жыл сайын Еуропаның елдерінде өткізілетін. Ал биыл осы сауалнамаға Қазақстан да енгізілді.
Биыл зерттеу аясында 30 мыңнан астам адам сауалнама кезінде қамтылып, соның арасында екі мыңнан астам Қазақстан азаматы болды.
Осы орайда STADA Health Report 2022 зерттеуінің кейбір деректерін көпшілік назарына ұсынуды жөн санадық.
«Пандемия болған екі жыл ішінде дәрігерлердің елеулі еңбегін баршамыз байқадық. Сауалнамаға қатысқан Қазақстан азаматтарының 61 пайызы ресми медицинаға, яғни емханалар мен стационарларда көрсетілетін қызметтерге сенеді. Сонымен қатар, ресми медицинаға сенетін Қазақстан тұрғындарының 35 пайызы ғаламтордағы ақпаратты қайта тексеретінін айтқан. Респонденттердің тағы 17 пайызы емдеудің балама әдістерін білгісі келетіндерін алға тартып отыр», - делінген зерттеу мәліметінде.
Мұнымен қоса сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 47 пайызы денсаулық мәселесінде ғалымдарға сенетінін мәлімдеді. Респонденттердің 41 пайызы терапевтердің біліктілігіне сеніммен қарайтынын айтқан.
Бұдан бөлек, сауалнама кезінде қамтылған еуропалықтар арасында ғалымдарға сенім білдіргендердің деңгейі 61 пайыз болған. Бұл елдерде жалпы тәжірибедегі дәрігерлерге деген сенім 65 пайыз деңгейінде тіркелді.