Көршісінен қалғысы келмейді: Ауыл халқы неге жиі несие алады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Несие алып несібемді арттырам деген ел-жұрт керісінше қарыздың батпағына белшесінен батып барады. Әсіресе ауыл халқы итке де сүйек қарыз болғалы қашан?! Бұған не себеп болғанын Kazinform тілшісі зерделеп көрді.

несие
Коллаж: Kazinform

«Амалсыздан несие аламыз»

Мәселенің мәнісіне үңіле түсу үшін ауыл халқын әңгімеге тартып көрдік. Зайсан ауданында тұратын әйел несиенің тұзағына қалай түскенін айтып берді.

— Осыдан бірнеше жыл бұрын баламмен декреттік демалыста отырғанда туыс апайым өз атымнан оған микрокредит алып беруімді өтінді. Жағдайына түсіністікпен қарап, алып бергеніммен ол төлейтін уақытын өткізіп жіберді. Әйтеуір кінәсін мойындап, жартысын төледі. Несие тарихым бұзылғанымен қоса, қалған ақшаны күйеуімнің аз еңбекақысынан там-тұмдап жүріп әрең жаптық. Қазір қымбатшылық қос бүйірден қысып барады. Ал жалақыға бірнеше мың ғана қосылады. Осындай еңбекақы мен азық-түлік арасындағы теңсіздік бүкіл отбасының мүмкіндігін шектейді. Балаларды да жан-жақты, білімді етіп өсіру үшін қаражат керек. Онлайн тіл курстарына, басқа да үйірмелерге жазу - бәрі ақылы. Сөйтіп амалсыздан тағы несие алуымызға тура келеді, — дейді аты-жөнін атамауды сұраған тұрғын.

несие
Коллаж: Canva

Ал үш баласымен ата-енесінің үйінде тұрып жатқан тарбағатайлық әйел адам қажетті жиһазды несиеге алғанын жеткізді.

— Өзім жұмыссызбын. Электрик болып жұмыс істейтін жолдасымның еңбекақысы тамақтан, отыннан артылмайды. Былтыр жазда әбден ескірген моншамызды жаңадан салдық. Оған керек-жарақтың да бағасы аспандап тұр. Балаларымыз өсіп келеді, оларға сабақ қарайтын үстелдері мен басқа да қажетті жиһазды несиеге алуға мәжбүрміз. Ата-енем болса зейнетақыларын қыздарына бергенді жақсы көреді. Бізге қаражат жағынан мүлде көмектеспейді. Өзім жұмысқа шыққым келеді. Дипломым бар, бірақ ауылда бос жұмыс жоқ, — дейді ол.

Демек, бұқараның қарызға батуына тек табыстың аздығы емес, отбасындағы келеңсіздіктер, жұмыссыздық та әсер етеді. Үңіле берсең, мәселе тереңдей береді.

Бір-бірімен жарысатындар бар

Қаржы жөніндегі кеңесші маман Ақбота Омарованың айтуынша, ауыл халқының арасында көлікті де несиеге сатып алатындар көп.

Той-томалақ жасаймыз деп те қарызға батқандар аз емес.

— Тәжірибе көрсеткендей, аудандарда адамдар негізінен тұрмыстық техниканы несиеге алады. Ауылда еңбекақы тұрғындардың тек азық-түлік шығындарын өтеуге ғана жетеді. Сол себепті тұрмысқа қажетті басқа материалдық заттарды несиеге немесе бөліп төлеуге алуға мәжбүр болып отыр. Оған қоса, ауыл жұртшылығы арасында бір-бірімен жарысу, көршісінен немесе танысынан қалғысы келмеу секілді жағдайлар жиі кездеседі. Шамасы келмесе де несие алып, қарызға белшеден батып жатады. Бұл қаржы сауатының төмендігінен және жалпы білім деңгейінің жеткіліксіздіген де болуы мүмкін, — дейді маман.

кредит несие
Коллаж: Canva

Қарыз — 24 трлн теңге

Қазақстандықтардың несиеге қарызы жыл санап артып келеді. Бірінші несие бюросының мәліметінше, 2025 жылдың басында 9 млн адамның жалпы қарызы 24,1 трлн теңгеге жеткен.

Қарыз алушылар саны 10,3%-ға өскен. Жыл басындағы орташа қалған қарыз - 10,6 млн теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,8%-ға артық. 

— Осының ішінде басым бөлігі, яғни 11,7 трлн теңге — кепілсіз тұтынушылық несиелер (бір жылдағы өсім +22,9 пайыз). Егер тұтынушылық несиенің сомасын алушылар санына бөлетін болсақ, әр адамның орташа қарызы - 1,37 млн ​​теңге. Былтыр әсіресе автонесие портфелі бір жылда 44,8 пайызға өсіп, 3,6 трлн теңгеге жетті, — делінген ақпаратта.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, несие алып, ақшасын төлей алмай қалғандардың 52 пайызы - ер адамдар.

5 жыл бойы төленбеген несиелердің 59 пайызы ерлерге тиесілі. Яғни, негізінен әйелдер несиені уақтылы төлеуге тырысады екен.

Несие алушылардың басым бөлігі — 1982-2000 жылдар аралығында туғандар.

Ерлер мен әйелдер орта есеппен 2 несиеден алады. Ең көп несие алғандар бойынша айтар болсақ, 2022 жылы бір ер адам 79 несие рәсімдеген.

Ал нәзік жандар арасында 116 несиесі бар әйел бірінші орында тұр. Қазақстандықтың ішінде ең көп қарызы бар азаматтың несие бойынша берешегі 15,5 млрд теңгеге жеткен.

Енді не істемек керек?

Бұл — жауабы бір сөзбен айтыла салатын сауал емес.

— Ауылдағы ағайынның несиеге белшесінен батып кетуі өте алаңдатарлық жайт. Үкімет тарапынан жан-жақты жұмыс атқарылып жатса да, көрсеткіш азаймай отыр. Тез арада ақша беретін ұйымдардың оңайлатылған жүйесі алаяқтықтың да өршуіне әкелуде. Ел арасында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қарызға батып кетпеу жолдарын насихаттап, қаржылық сауатты көтеру керек, — дейді қоғам белсендісі Әділ Сайлау.

қоғам белсендісі
Фото спикердің жеке архивінен

Расымен де ауыл халқының қаржылай сауатын көтермесе мәселенің түйіні тарқатылмайтын секілді.

«Қарызсыз қоғам» жобасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша тәлімгері Ермек Жұмағұлов та дәл осындай пікірде.

— Біздің жобаның мақсаты да сол. Тұрғындарға арнайы курстар өткізіп, онда несие деген не, оның пайыздық мөлшерлемесі қалай, депозитке ақшаны қалай салу керек, инвестиция, акция, облигация деген не — соның бәрін бүге-шүгесіне дейін түсіндіреміз. Былтыр осылай 7607 адамды оқыттық, — дейді ол.

Алаяқтар атқа қонды

Тағы бір маңызды жайт — алуан түрлі айласы бар алаяқтардың қара құрттай қаптауы. Әбден әккіленген олар телефонмен-ақ қас қағымда бірнеше млн теңгені мойныңызға іліп жібереді.

а
Фото спикердің жеке архивінен

— WhatsApp-тан «мына сілтемеге өтіп ақша ұтып ал», «балама дауыс беріп жібер» деп жіберетін сілтемелерге ойланбай кіре беретіндер жетерлік. Сондықтан ауыл халқына алаяқтар жайлы түсіндіру жұмыстарын жан-жақты жүргізе беру керек. Оның нәтижесі қазірдің өзінде бар. Мысалы, біздің курсқа қатысқан мұғалім болып жұмыс істейтін әйел әкесінің біреумен телефон арқылы сөйлесіп жатқанын естіп қалған. Құлақ түрсе — әлдекім әкесінен телефонға келетін кодты сұрап тұр. Ол бірден араласып, телефонды қойғызып, маған қоңырау шалды. Біз дереу бағыт беріп, мобильді қосымша арқылы оның әкесінің атына несие алынбайтындай қылып тастадық, — дейді Ермек Жұмағұлов.

ШҚО полиция департаментінің хабарлауынша, өткен жылы тәртіп сақшыларына алаяқтардан зардап шеккен 700-ден астам адам арызданған.

Бұл көрсеткіш оның алдыңғы жылмен салыстырғанда біраз кеміпті.

— 2024 жылы интернет алаяқтар өңір тұрғындарына 800 млн теңгеге жуық материалдық залал келтірген. Полиция қызметкерлері 60-қа жуық интернет алаяқты ұстады. Келіп түскен барлық арыз бойынша қылмыстық іс қозғалды, — дейді департамент бастығы Ерлан Омарбеков.

а
Фото: ШҚО ПД

«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында семинарлардан бөлек, бұқарадан түрлі ұсыныстар жиналып, құзырлы органдарға жіберіліп жатыр екен. Соның нәтижесінде сең қозғалып, заңға да өзгерістер енгізілуде.

— Қазір несие алу бұрынғыға қарағанда қиындап кетті. Оны өздеріңіз де байқаған шығарсыздар. Бұған бірнеше несие алып тастап, төлей алмай жатқан адамдардың көптігі әсер етті. Сондықтан несие рәсімдеу үшін табысыңызды растап, несие тарихыңыз жақсы болуы тиіс. Әйтпесе ала алмайсыз, — дейді Е.Жұмағұлов.

Заңдағы өзгерістер

Азаматтарды алдап, несие алып тастайтын алаяқтарға тұсау салу үшін заңға түрлі өзгерістер енгізіліп жатыр дедік. Солар жайлы тарқата кетейік.

2024 жылдың 1 шілдесінен бері елімізде 90 күннен асқан берешегі барларға кепілсіз тұтынушылық несие беруге тыйым салынды.

Сондай-ақ eGov mobile мобильді қосымшасында және eGov.kz порталында несие алудан ерікті түрде бас тарта алатын мүмкіндік те жасалған.

Ал осы жылдың басынан онлайн микроқарыздарды ресімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіруді, сол сияқты электрондық цифрлық қолтаңбаны да бір мезгілде міндетті түрде қолдану талабы енгізіледі.

Қазақстандықтарға 8 млн теңгеден жоғары кредит кепілсіз берілмеуі мүмкін
freepik.com

Сондай-ақ микроқаржы ұйымдары үшін клиент ақша аударғанға дейін оған банктік шоттың немесе төлем картасының тиесілігін сәйкестендіру талап етіледі.

Халықтың қаржылай сауатын арттырып, заңға алаяқтарға тұсау салатындай өзгеріс енгізуді жалғастыра бермесе, несиенің орына құлай беретіндер саны азаймайтын түрі бар.

Соңғы жаңалықтар