Қошанов: Жасанды интеллект туралы заң – Президент бастамасын іске асыру жолындағы іргелі қадам
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан әлемде жасанды интеллект туралы заң қабылдаған алғашқы елдердің қатарында. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында палата спикері Ерлан Қошанов айтты.

— Біз жаңа ғана өте маңызды заң қабылдадық. Мемлекет басшысы таяудағы Жолдауында алдымызға үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық елге айналдыру жөнінде ауқымды міндет қойды. Бұл прогрессивті идеяны Президентіміз бүгін әлемнің ең басты мінбері — Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінен де жариялады. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақстан жасанды интеллектіні технологиялық жетістік деп қана емес, адамзат прогресіне қозғау салатын зор табыс ретінде қарастырады» деп атап өтті. Бұл жаһандық үрдіс екенін көріп отырмыз. Президент атап өткендей, жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні кеңінен қолдану еліміздің ұлттық басымдығына айналды, — деді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошановтың пайымынша, бүгін қабылданған Жасанды интеллект туралы заң — осы бастаманы іске асыру жолындағы іргелі қадам. Ол еліміздің цифрлық дамуын жаңа деңгейге шығаруға жол ашатыны анық.
— Қазақстан әлемде мұндай заң қабылдаған алғашқы елдердің қатарында. Заңды қабылдау барысында цифрландыру саласындағы озық әлемдік тәжірибелер мен тәуекелдердің бәрі ескерілді. Әділеттілік, заңдылық, ашықтық, адам құқықтары мен жеке мәліметтерді қорғау басты принцип ретінде қарастырып отыр, — деді ол.
Палата спикері бүгінгі қабылданған заң жасанды интеллект саласы үшін, жалпы мемлекетіміздің дамуы үшін үлкен серпіліс беретінін айтты.
— Біздің алдымызда жасанды интеллект мәселелері бойынша маңызды парламенттік тыңдау тұр. Сондықтан кең ауқымды пікірталас алдағы жұма күні жалғасын табады, — деді ол.