Көшпелі қоғамның тірі қалу жүйесі: қазақтар қыстан қалай шықты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақ қоғамы бейберекет көшіп жүрген жұрт болды деген түсінік – үстірт көзқарас. Шын мәнінде, дала тіршілігі қатаң тәртіпке, табиғат заңына және дәстүрлі құқыққа сүйенген жүйе еді.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев қазақтың мал шаруашылығы тек күнкөріс емес, тұтас әлеуметтік, экономикалық және саяси құрылымды айқындағанын айтады.
Оның сөзінше, қазақ шаруашылығы бір ғана көшпелі өмір салтынан тұрмаған.
— Мал шаруашылығының төрт түрі болған: көшпелі, жартылай көшпелі, жартылай отырықшы, отырықшы. Әрқайсының табиғи, географиялық ерекшелігі бар, — дейді Кәрібаев.

Демек, даладағы қозғалыс ретсіз көш емес, табиғатқа бейімделген модель. Профессордың айтуына қарағанда, таза көшпелі қауым қыстаудан көктем шыға үдере көшпеген. Жайлауға бірден жету емес, малдың күйін сақтау маңызды болған.
— Мақсат — малды семірту. Қазақ оны «қоң жинату» деп атады. Тіпті қазақтар күздеуде де алғашқы қар түскенше отырған. Осыны Абай да дәл сипаттаған: «Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, Ықтырмамен күзеуде отырар бай».Бұл жолдар қазақтың жайылымды жоспарлап пайдаланғанын көрсетеді, — дейді тарих ғылымдарының докторы.
Жайлау мен қыстаудың айырмасы
Жайлау мен қыстаудың құқықтық мәртебесі де бөлек болған. Жайлау — ұжымдық, ал қыстау — жеке меншік.
— Жайлау бір адамның меншігі болмаған. Ол ру, тайпа, қауымға ортақ. Ал қыстаудағы жер, құдық — жеке отбасының меншігі, оған ешкім тиісе алмайды, — дейді тарихшы.
Даулар билер сотында шешіліп отырды. Дәстүрлі құқық нормалары бұлжымай сақталған.
Қыстауға қойылатын талаптар
Қыстауға қойылатын талаптар да нақты: су көзі, бораннан ық, отынға жарайтын қамыс, мал тебіндеп жайыла алатын жер. Ғалымның айтуынша, сондықтан Сырдарияның төменгі және орта ағысы қазақтар үшін қысқы стратегиялық аймаққа айналған.
Қазақ қоғамындағы байлықтың өлшемі де мал болған.
— Кейбір байлардың жылқысы 15-20 мыңға, қойы 10-15 мыңға, түйесі мыңға дейін жеткен, — дейді Кәрібаев.
Мал — азық, көлік, киім, әскери күш, айырбас құралы — барлығының негізі.

Қасым хан неге соғыстан бас тартты
Тіпті саяси шешімдер де мал шаруашылығының ырғағына тәуелді болған. XVI ғасырда Әбу Сайд хан Қасым ханға Мұхаммед Шайбани ханға қарсы бірігіп соғысуды ұсынғанда, қазақ ханы бас тартады.
— «Күз келді, біз көшпелі елміз, қыстауға дайындық біз үшін маңыздырақ» деп жауап берген. Бұл дерек Мұхаммед Хайдар Дулатидың еңбегінде жазылған, яғни, соғыстан бұрын қыстың қамы тұр, — дейді тарихшы.
Қазақтар қыстан қалай шықты
Қыста қазақ рулары бір-бірінен алыс отырған. Кәрібаев мұны «дисперсия заңы» деп түсіндіреді.
— Қысқы жайылымды тиімді пайдалану үшін әр ру-тайпа бір-бірінен алысырақ отырған, байланыс үзілген, — дейді ол.
Жаулар осыны пайдаланған. Рузбихан Исфаханидың жазуынша, Мұхаммед Шайбани ханның жорықтарының көбі қыс айларында жасалған.
— Мұхаммед Шайбани хан Дешті Қыпшақта туып-өскен және қазақтардың қай кезде жайлауға, қай кезде қыстауға баратынын жақсы білген еді, — дейді ҚазҰУ профессоры.
Көктем — тек табиғаттың емес, әлеуметтік өмірдің де жаңаруы. Қыс бойы үзілген байланыс көктемде қалпына келген.
— Мал төлдеп, көктем шыққанда ғана байланыс қалпына келген. Наурыздағы көрісу күні осыдан қалған. Әр ауылдың жастары көрші ауылдағы жасы үлкен кісілерге сәлем берген, — дейді ғалым.

Қорыта айтқанда, қазақ қоғамының тіршілігі табиғат ырғағына негізделген. Мал шаруашылығы — тек экономикалық қызмет емес, құқықтық қатынастарды, әлеуметтік құрылымды, әскери стратегияны айқындаған жүйе. Ал қыстан аман шығу — көпшелі қауымның басты мақсаты болған.
Еске салайық, бұған дейін қазақ хандары неге өз баласын емес, басқа сұлтанды мұрагер етіп қалдырғаны туралы жазған едік.