Космосқа аттанатын тұңғыш өзбек ғарышкері ашық конкурс нәтижесінде таңдалады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның «Uzcosmos» ғарыштық зерттеулер және технологиялар агенттігі космосқа ұшуға үміткерді жалпыұлттық іріктеу өткізу арқылы анықтауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

в
Фото: Pixabay

«Oʻzbekiston 24» телеарнасына сұхбат берген «Uzcosmos» агенттігі директорының орынбасары Мухиддин Ибрагимов космосқа алғашқы өзбек ғарышкерін ұшыру жоспарын баяндады.

- Ғарышкерге қатаң талаптар қойылады. Атап айтқанда, оның денсаулық жағдайы, физиологиялық көрсеткіштері, ғылыми тұрғыдан дайындығы және тіл білуі маңызды. Біз жалпыұлттық іріктеу өткізуді жоспарлап отырмыз. Болашақ ғарышкер Өзбекстанда және өзге шет мемлекеттердің аумағында білім алады. Оның оқу мен жұмысты қатар алып жүруіне барлық жағдай жасалады, - деді Мухиддин Ибрагимов.

Спикер атап өткендей, конкурстың нақты мерзімі мен нақты шарттары кейін жарияланады.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан космосқа өз ғарышкерін жіберу үшін дайындыққа кірісетінін жазып едік.

Қоса кетсек, биыл Өзбекстан мен Қытай ғарышқа Жерді қашықтықтан зондтайтын спутник ұшыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Өзбекстан 2028 жылы «Mirzo Ulug’bek» спутнигін ғарыш кеңістігіне шығарады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум