Қостанай мен Қызылорда әуежайларына авиаотынның бағасын негізсіз көтергені үшін айыппұл салынды
АСТАНА. KAZINFORM — Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өңірлердегі әуежай қызметтері нарығы субъектілеріне қатысты авиаотын сату кезінде монополиялық жоғары бағаларды белгілеу және ұстап тұру фактілері бойынша монополияға қарсы шаралар жұмысын жүргізді.
Агенттіктің Қостанай облысы бойынша департаменті «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Қостанай» халықаралық әуежайына қатысты Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабы 1) тармақшасында көзделген басым жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша тергеп-тексеруді аяқтады.
— Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша акционерлік қоғамға қатысты Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 159-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Мамандандырылған әкімшілік құқық бұзу жөніндегі соттың шешімімен нарық субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл мен монополиялық кірісті тәркілеудің жалпы сомасы 16,6 млн теңге болды. Сот қаулысы заңды күшіне енді, — делінген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, қоғамның атына монополияға қарсы заңнаманы бұзуды тоқтату туралы нұсқама енгізілді.
— Ұқсас шаралар агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаменті тарапынан «Қорқыт Ата» әуежайының қызметінде анықталған заң бұзу бойынша қабылданды. Тергеп-тексеру барысында авиаотын құнының негізсіз көтерілгені анықталып, бұл Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабының 1) тармақшасын бұзу ретінде сараланды.
Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қоғамға 7,3 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынып, 2,5 млн теңге көлемінде монополиялық кіріс тәркіленді, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ заң бұзуды жою туралы нұсқама беріліп, оны орындау шеңберінде авиаотынның сату бағасы 780 000 теңгеден 533 750 теңгеге дейін (ҚҚС-сыз) төмендетілді.
Айта кетелік Өскемен әуежайы авиаотынға монополиялық жоғары баға қойғаны үшін айыппұл арқалаған еді.