Қостанай облысында 500-ден астам нысан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделмеген
АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысындағы қолжетімділік картасына енгізілген 1 905 әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысанының 1 367-сі ғана мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін толық бейімделген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, өңірде мүгедектігі бар адамдар мен басқа да жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Қолжетімділік картасына енгізілген 1 905 нысанның 1 367-сі тірек-қимыл аппараты бұзылған, арба пайдаланатын азаматтар, сондай-ақ көру және есту қабілеті бұзылған адамдар үшін толық қолжетімді деп танылған.
– Биыл қала және аудан әкімдіктері әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының тағы 282 нысанын бейімдеуді жоспарлап отыр, – деп хабарлады басқарма өкілдері.
Сонымен қатар 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жүріп-тұруы шектеулі азаматтар үшін нысандардың қолжетімділігін растау өкілеттігі Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне берілді. Бұған дейін бұл функцияны жергілікті атқарушы органдар атқарған.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында инватакси қызметінен заңбұзушылық анықталғаны хабарланған болатын.