Қостанай облысында ақ түтек боранға қарамастан шұғыл қызметтер 2000-ға жуық шақыртуға барды

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысының шұғыл қызметтері соңғы екі тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеді. Дауылды ауа райы жағдайына қарамастан шамамен 2 000 шақырту қабылданып, қызмет көрсетілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті. 

Қостанай облысында ақ түтек боранға қарамастан шұғыл қызметтер 2000-ға жуық шақыртуға барды
Фото: Видеодан алынған кадр

Жолдардың жабылуы және қарлы боран кезінде көріну деңгейінің іс жүзінде нөлге тең болуы жағдайында жедел жәрдем бригадалары, оның ішінде ауылдық кіші станциялар, пациенттерге шығуды жалғастырып отыр. Олар тіпті шалғай елді мекендерге де қар кешіп, жетіп жатыр.

Экстремалды ауа райы жағдайында медицина қызметкерлері құрысу синдромы бар пациенттерге, түрлі жарақат алғандарға көмек көрсетті.

— Сондай-ақ ми қан айналымының жедел бұзылуы (МҚАЖБ) диагнозы қойылған пациентті эвакуациялау үшін бірнеше сағатқа созылған күрделі операция жүргізілді. Кейбір жағдайларда Төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы техникасы қар құрсауын еңсере алмаған кезде, фельдшерлер боран жағдайында жаяу жүріп, дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін пациенттерге жетуге талпынды, — деп жазды ведомстводан.

Сонымен қатар call-орталық мамандары пациенттерге қашықтан қолдау көрсетіп, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін қажетті ұсынымдар беріп, әрекеттерді үйлестіріп отырды. 

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі табиғат апатының қақ ортасында өз қауіпсіздіктерін қатерге тігіп, қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген медицина қызметкерлері мен құтқарушыларға алғыс білдіреді.

Бұған дейін Жамбыл облысында жедел жәрдем көліктері қарға батып қалып жатқанын жазған едік.