Қостанай облысында жылу тарифі қайта қаралды
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысында Қостанай жылу-энергетикалық компаниясының жылу энергиясына тарифі қайта қаралды. Кәсіпорын тарифті 29%-ға жуық көтеруді сұраған, алайда ұсынылған өсім 21%-ға дейін төмендетілді.
Облыс бойынша табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің мәліметінше, Қостанай жылу-энергетикалық компаниясы тарифті 1 Гкал үшін 11 571,44 теңгеден 14 899,16 теңгеге дейін көтеруге өтініш берген.
Тарифті қайта қараудың негізгі себептерінің бірі — еңбекақы қорының өсуі. Статистикаға сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жылу және электрмен жабдықтау саласындағы орташа айлық жалақы 380 895 теңге болған. Ал қолданыстағы тарифте 314 008 теңге көлеміндегі жалақы ескерілген.
Кәсіпорында 680-нен астам адам жұмыс істейді. Олар шамамен 250 шақырым жылу желісіне қызмет көрсетеді.
Өтінішті қарағаннан кейін департамент Қостанай жылу-энергетикалық компаниясы ұсынған тарифті 1 Гкал үшін 14 059,41 теңгеге дейін төмендетті. Осылайша, тарифтің өзгеруі шамамен 21% болды.
Ведомствоның түсіндіруінше, еңбекақы қорының өсуіне байланысты шығындар 2026 жылы тек төрт ай — қыркүйектен желтоқсанға дейін ескеріледі. Бұл да тарифтің бастапқы ұсынылған мөлшерін төмендетуге мүмкіндік берген.
Бұл ретте халық үшін жылу бағасы өскен жоқ. Бұл санат үшін 1 Гкал-ға 4 688,68 теңге мөлшеріндегі төмендетілген тариф сақталады.
Департаменттің хабарлауынша, өңірде халық үшін тарифті әлеуметтік тұрғыдан саралау тәсілі 2019 жылдан бері қолданылып келеді.
Еске салайық, мұның алдында Атырауда жылу энергиясын беру, тарату және өткізу қызметінің тарифі 1 қазаннан бастап көтерілуі мүмкін екенін хабарлағанбыз.