Қостанай облысында жол күтіміне байланысты 219 шенеунік жауапқа тартылды
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері Қостанай облысында жолдарды талапқа сай күтіп ұстамағаны үшін 219 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында әкімдер, олардың орынбасарлары және коммуналдық қызмет басшылары бар, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері әкімшілік полиция қызметкерлері жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында 1 982 тексеру жүргізіп, 14,5 мың шақырымнан астам жол желісін қамтыды.
1 502 тексерудің қорытындысы бойынша 1 610 заңбұзушылық анықталды. Оларды жою үшін 1 998 нұсқама беріліп, оның 1 892-сі бойынша анықталған кемшіліктердің жойылғаны туралы жауап алынған.
Жолдарды талапқа сай күтіп ұстамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған 219 лауазымды тұлғаның 71-і мемлекеттік орган өкілі. Олардың ішінде 31 әкім мен әкім орынбасары, 23 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы, «ҚАЖсервис» компаниясының, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, МДЭП коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының және құрылыс бөлімдерінің өкілдері бар.
Бұдан бөлек, теміржол өткелдерін талапқа сай күтіп ұстамағаны үшін тағы 40 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері өңірде теміржол жылжымалы құрамының қатысуымен бір жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бір адам зардап шекті.
Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2026–2028 жылдарға арналған жол-көлік жарақатын азайту жөніндегі жол картасы әзірленді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жолдарды сапасыз күтіп ұстау ісі бойынша алғашқы үкім шыққаны хабарланған.