Қостанай облысындағы ауыл алғаш рет интернетке қосылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысындағы Басбек ауылының тұрғындары интернетке алғаш рет қол жеткізді, деп хабарлайды ЖИ және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Қостанай облысындағы ауыл алғаш рет интернетке қосылды
Фото: ЖИ және цифрлық даму министрлігі

Басбек ауылында OneWeb геостационарлық емес спутниктік технологиялары (ГЕС) арқылы қосылған қоғамдық Wi-Fi нүктесінің жұмысы таныстырылды. Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Jusan Mobile» компаниясының өкілдері қатысты.

Басбек ауылына интернет «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын іске асыру аясында тартылды. Бұл бастаманы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жүзеге асырып жатыр. Ұлттық жобаның негізгі бағыттарының бірі — талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту немесе мобильді базалық станцияларды орнату экономикалық тұрғыдан тиімсіз саналатын шалғайдағы және халқы аз қоныстанған ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету. ГЕС спутниктік технологиялары өзге техникалық шешімдерді қолдану мүмкін емес жерлерде жоғары жылдамдықты және тұрақты интернетті жеткізуге мүмкіндік береді.

Қостанай облысындағы ауыл алғаш рет интернетке қосылды
Фото: ЖИ және цифрлық даму министрлігі

Ұлттық жоба аясында OneWeb жүйесі бойынша ГЕС технологияларын қолдану арқылы 328 ауыл интернетке қосылды. 

— Отандық провайдерлеріміз тиімді техникалық шешім ұсынды, енді бұл жұмыстардың барлығы құқықтық өрісте жүзеге асырылып жатыр. Ең бастысы — бұл спутниктік қабылдағыштар желісі қауіпсіздік пен орналастыру шарттары тұрғысынан Қазақстан заңнамасына толық сәйкес келеді, — деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева.

Технологияны таныстыру барысында Басбек ауылының тұрғындары желінің тұрақты жұмысына өздері көз жеткізді. Олар құрылғыларын Wi-Fi желісіне қосып, интернет жылдамдығын тексерді (Speedtest), сондай-ақ еліміздің басқа қалалары мен өңірлеріндегі туыстарына бейнеқоңырау шалды.

— Бұған дейін біз жақындарымызбен тек үй телефоны арқылы ғана сөйлесетінбіз. Ал қазір интернеттің арқасында барлық қажетті ақпаратты алып, туыстарымызбен әрдайым байланыста отырмыз. Менің ұлым Германияда тұрады, енді осы Wi-Fi-дың арқасында ауылда отырып сөйлесе алатын болдым, — деді Басбек ауылының тұрғыны.

Осыған дейін Қазақстанда мобильді интернетті тұтыну деңгейі алғаш рет бекітілген сымды желілер бойынша трафикті басып озғанын жазған едік.