Қостанай облысындағы үлкен ауылдардың бірі екі жылдан бері сусыз отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысы Қарасу ауданына қарасты Жамбыл ауылында орталықтандырылған ауызсу жүйесі екі жылдан бері тұрақты жұмыс істемейді. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған су құбыры толықтай жарамсыз деп танылған, ал жаңа жүйе салу жобасы әзір болғанымен, әлі күнге дейін қаржыландырылмай отыр. 

а
Фото: Тұрғындардан

Су мүлде жоқ деуге болады

Қостанай облысы Қарасу ауданындағы Жамбыл ауылының тұрғындары екі жылдан астам уақыттан бері орталықтандырылған ауызсусыз өмір сүріп келеді. 1964 жылы салынған жалғыз су құбыры толықтай істен шыққан. Ал уақытша шешімдер, әсіресе қыс мезгілінде судың тұрақты берілуін қамтамасыз ете алмай отыр.

Ауыл тұрғыны Виталий Ординнің айтуынша, су құбырына қатысты мәселе бірнеше жыл бұрын басталғанымен, соңғы екі жылда жағдай мүлде ушығып кеткен.

– Бұл мәселе екі жылдан бері жалғасып келеді. Біз орталықтандырылған ауызсусыз отырмыз, мүлде жоқ деуге болады. Өткен жылы қыста суды үш айға ғана қосқан еді, бірақ бір айдан кейін қайтадан жарылып кетті, – дейді ол.

60 жылдан астам уақыт бұрын тартылған су құбыры бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Тек уақытша жамалып келген. Биыл көктемде су құбыры бүлінгені соншалық, оны қалпына келтіру мүмкін болмай қалған.

Тұрғындардың айтуынша, су құбырын түбегейлі жарамсыз еткен – тасқын су. Дегенмен ауылдың өзін су басудан тұрғындар өз күштерімен қорғап қалған.

– Былтыр біз, шаруалар, өз ақшамызға экскаватор жалдап, ауылдың айналасын қазып шықтық. Су айналамызда бір-екі метрге дейін тұрды, бірақ ауылға бір тамшы да кіргізбедік. Биыл да сол жағдай қайталанды, – дейді Виталий Ордин.

Алайда су құбыры өтетін аумақ толығымен су астында қалған. Ол жерде су екі жылдан бері кетпей тұр және болжам бойынша, тағы бірнеше жыл бойы сақталуы мүмкін.

Уақытша шешім сумен жарылқамайды

Қазіргі таңда уақытша шешім ретінде су жинайтын резервуар пайдаланылып отыр. Ол жерден суды тұрғындар тракторлармен тасиды.

– Суды аптасына екі рет – сейсенбі мен жұма күндері береді. Біз оны трактормен тасимыз. Бірақ алғашқы аяз түсе салысымен қиындықтар басталады, су қатып қалады. Ал әрі қарай не болары белгісіз, – дейді ауыл тұрғыны.

а
Фото: Тұрғындардан

Сонымен қатар ауыл 14 шақырым қашықтықтағы орталық су құбырына қосылған қондырғы арқылы да су алады. Алайда су шектеулі көлемде беріледі және тек техникамен жеткізіледі. Бұған қоса, су алатын жерге апаратын жолдың жағдайы өте нашар.

– Жолдың шамамен 50 пайызы мүлде жоқ деуге болады. Өз күшімізбен қиыршық тас төктік, бірақ айналаның бәрі су, жер батпақ, – дейді олар.

Жоспар бар, қаржы жоқ

Жерасты су көздерін пайдалану әрекеттері де нәтиже бермеген. Ауыл астынан тұщы су табылмаған.

– 97 метр тереңдікке дейін ұңғыма бұрғыладық, суы тұзды. Тұщы су жоқ. Бірақ біздің ауылдың болашағы жоқ деуге келмейді. 500 тұрғын бар, мектеп, балабақша жұмыс істеп тұр, жұмыс орындары бар. Тек су жоқ, – дейді Виталий Ордин.

Тұрғындардың айтуынша, жаңа су құбырын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мақұлданған. Оның қолданылу мерзімі 2026 жылдың желтоқсанында аяқталады. Алайда келесі жылға арналған қаржыландыру жоспарында ауыл аты жоқ.

– Тізімді қарадық, біз жоқпыз. Көктемнен бері хат жазып, хабарласып, қабылдауларға барып жүрміз. Әзірге нәтиже жоқ, – дейді ол.

Оның айтуынша, мәселе жақын арада бюджетке енгізілмесе, жағдай тығырыққа тірелуі мүмкін. Ал ауыл аудан бойынша экономикалық тұрғыдан мықты саналады: үйлер салынып жатыр, бизнес бар, жұмыс күші қажет, тіпті тұрғындардың өз қаражатына өрт сөндіру депосын салу жоспарланып отыр.

Билік не дейді?

Қарасу ауданы әкімдігі редакция сұрауына жауап бере отырып, Жамбыл ауылындағы су тарату пункті формалды түрде жұмыс істеп тұрғанын, алайда ол арқылы ауызсу тұрақты берілмейтінін мәлімдеді. Билік мұны тұрғындардың суды тікелей аулаларына жеткізетін су таситын көліктерді таңдауымен түсіндіреді.

Әкімдік өкілдері қолданыстағы су құбырының 1964 жылы салынғанын және қазіргі уақытта толықтай тозғанын, сондықтан әрі қарай пайдалануға жарамсыз екенін де растады.

– Мәселені шешу үшін жаңа сумен жабдықтау жүйесін салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жобаның құны 911 млн теңгеден асады, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобаны іске асыру мерзімі – бес ай. Алайда оны бастау бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда ғана мүмкін, – делінген әкімдік жауабында.

Бұл жобаның бұған дейін қолдау таппағанын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі де растады.

– Жоба аясында ұзындығы 32 шақырым болатын су құбыры желілерін қайта жаңғырту, екінші көтерілімдегі сорғы станциясын салу, сыйымдылығы 100 текше метрлік ауызсу резервуарларын (2 дана), бақылау-өткізу пунктін және жинақталған трансформаторлық қосалқы станцияны салу көзделген. 2024 жылы Қостанай облысының әкімдігі жобаны 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетке енгізу үшін өтінім берген. Алайда республикалық бюджеттің шектеулілігіне және жобаны іске асыру халықты орталықтандырылған сумен қамту көрсеткіштерінің өсуіне әсер етпейтініне байланысты құжаттама қолдау таппады, – делінген министрлік жауабында.

Әкімдік бұл қыс мезгілінде тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қарастырылғанын хабарлады. Атап айтқанда, тас жол бойында орналасқан су тарату пункті жылытылған.

– Су деңгейі төмендеген сайын резервуарға су жеткізіліп отырады. Алайда бұл пунктті жылыту мүмкіндігі техникалық себептерге байланысты әзірге жоқ, – деп хабарлады жергілікті атқарушы орган.

а
Фото: Тұрғындардан

Су тасылатын жолдың жағдайына келсек, ол 1970 жылы салынған, соңғы орташа жөндеу 2019 жылы жүргізілген.

Көктемгі ылғалдану мен ауыр ауыл шаруашылығы техникасының қозғалысына байланысты жол жамылғысы жиі бұзылады. 2024 жылы шұңқырларды жөндеуге 27 млн теңге бөлінгенімен, мердігердің конкурс міндеттемелерін орындамауына байланысты жұмыстар жүргізілмей, қаржы қайта бөлінген.

Нәтижесінде тұрғындар, әсіресе қыс мезгілінде тұрақты ауызсумен қамтамасыз ете алмайтын уақытша көздер мен су тасымалдауға тәуелді күйде қалып отыр.

Мәселе әлі де ашық күйінде және алдағы жылдарға арналған бюджеттік шешімдерге тікелей байланысты.

Бұған дейін СҚО-дағы Бірлік ауылына қайтарылған активтер есебінен ауыз су тартылды.

Соңғы жаңалықтар