Қостанай облысының агрокомпаниялары 600 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінді
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің Қостанай облысы бойынша Экономикалық тергеулер департаменті бірнеше ауылшаруашылық компаниялардың лауазымды тұлғаларына қатысты алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Тергеу деректеріне сәйкес, заңсыз әрекеттерге «ДостыкЖерАгро» ЖШС, «ДостыкХимАгро» ЖШС, «КарамайАгро» ЖШС және «ДостыкСервис» ЖШС-ның басшыларының қатысы болуы мүмкін.
2020 жылдың көктемінен 2024 жылдың сәуіріне дейінгі кезеңде олар кәсіпкерлердің сенімін теріс пайдаланып және алдау арқылы өсімдік қорғау құралдары – гербицидтер мен пестицидтер үшін төлем жасаудан бас тартқан. Нәтижесінде жеткізушілерге 600 миллион теңгеден астам зиян келтірілген.
Іс қаралып жатыр, қажетті тергеу шаралары жүргізіледі.
Бұған дейін қостанайлық ерлі-зайыптылар ветеринариялық анықтамаларды қолдан жасап келгені анықталған еді.