Қостанайлық ерлі-зайыптылар ветеринариялық анықтамаларды қолдан жасап келген
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысының прокурорлары жалған ветеринариялық анықтама бизнесін тоқтатты, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Тергеу барысында Әулиекөл ауданының аумағында тұратын ерлі-зайыптылар 2024 жылғы желтоқсан мен 2025 жылғы тамыз аралығында түрлі-түсті принтерді пайдалана отырып, ветеринариялық анықтамаларды қолдан жасағаны анықталды.
— Қостанай облысының прокуратурасы ветеринариялық анықтамаларды қолдан жасау және оларды одан әрі өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс бойынша айыптау актісін бекітті. Тергеу барысында Әулиекөл ауданының аумағында тұратын ерлі-зайыптылар 2024 жылғы желтоқсан мен 2025 жылғы тамыз аралығында өз үйлерінде түрлі-түсті принтерді пайдалана отырып, кейіннен ақшалай сыйақыға сатылатын 1-нысанды (мал мен ет өнімдерін тасымалдау құқығын білдіретін) ветеринариялық анықтамаларды қолдан жасағаны анықталды. Олардың әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы 2-бөлігі бойынша, атап айтқанда, алдын ала сөз байласу бойынша топпен бірнеше рет жасалған ресми құжатты қолдан жасау және өткізу бойынша сараланған, — делінген Қостанай облысының прокуратурасы таратқан мәліметте.
Айта кетейік, баптың санкциясы 4 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Қазір қылмыстық іс Әулиекөл аудандық сотына жолданды.
Бұдан бұрын Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудиттен кейін ветеринариялық, фитосанитариялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты бірқатар лауазымды адам мен маман тәртіптік жауаптылыққа тартылды.