Қостанай облысының газ құю стансаларында ұзын-сонар кезек пайда болды

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — Бұл жағдай біраз уақыттан бері сақталып келеді. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы растағандай, қазіргі таңда газ тек талон бойынша беріледі — өңірде шамамен 90 тонна газ қоры қалған. 

Қостанай облысының газ құю стансаларында ұзын-сонар кезектер пайда болды
Фото: Pexels

5 қарашадағы жағдай бойынша, облыста газ сатумен айналысатын алты газ желілік ұйым мен жеті жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Қараша айына Қостанай облысына келесі көлемде газ бөлінген:

  • 2736 тонна — «ЖайықМұнай» ЖШС;

  • 2268 тонна — «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ;

  • 288 тонна — «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС.

Алайда жеткізуші зауыттардағы жөндеу жұмыстарына байланысты өңірге газ жеткізу көлемі қысқарған: қыркүйекте — «ЖайықМұнай» ЖШС-де, ал қазанда — «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-де жөндеу жүргізілген.

Соның салдарынан өңір қыркүйекте 2248 тонна, ал қазанда 1188 тонна газды ала алмаған.

Энергетика басқармасының Энергетика министрлігіне жүгінуінен кейін тапшылықтың бір бөлігі өтелді — Павлодар мұнай-химия зауытынан қосымша 1548 тонна бөлінді. Алайда нарықтағы ресурстардың жетіспеушілігіне байланысты қыркүйектегі 900 тонна және қазандағы 1188 тонна көлем әлі де жабылмаған.

Бүгінгі таңда өңірге 468 тонна (13 вагон) газ жөнелтілді, оның ішінде:

  • 360 тонна — «ЖайықМұнай» ЖШС;

  • 108 тонна — «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ.

Облыс әкімдігі жағдайдың бақылауда екенін және қалған көлемдер белгіленген мерзімде жеткізілетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін газ тапшылығы Түркістан облысында да тіркелген болатын. Сондай-ақ қазан айында Ақтөбе облысында да осындай жағдай байқалды.

СҚО-да да сұйытылған газ талонмен сатылып жатқаны хабарланды.

 

Соңғы жаңалықтар