Қостанай өңірінде жол сапасына қатысты 280 кемшілік тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысының жолдарында сапаға қатысты 280-нен астам бұзушылық анықталды. Ескертулердің басым бөлігі жол-құрылыс материалдарының стандартқа сай келмеуіне байланысты, деп хабарлайды Kazinform.

Ремонт дороги
Фото: Артем Викторов/ Kazinform

Бұл туралы Ұлттық жол активтері сапасы орталығының өңірлік филиалы мәлімдеді. Ведомство дерегінше, зертханалық сынамалардың 2 241 талдауының 387-сі нормативтерге сәйкес келмеген.

Осының салдарынан мердігерлер өз есебінен қайта жұмыс істеуге міндеттелді. Жойылған кемшіліктердің құны 340 млн теңгеден асты.

— Біздің орталық республикалық маңызы бар жолдармен қатар, облыстық, аудандық және қалалық жолдарды да тексереді. Сонымен бірге жол жабынына диагностика жүргіземіз. Барлық анықталған ақау хаттамаға тіркеледі, мердігерге оны жою мерзімі белгіленеді. Егер жұмыстар орындалмаса, тиісті шара қабылдау үшін архитектура және қала құрылысы басқармасына хат жолдаймыз, — деді филиал директоры Абылайхан Алшынбаев.

Ең көп тараған кемшіліктер:
• тығыздық коэффициентінің стандартқа сай болмауы;
• геометриялық параметрлердің ауытқуы;
• жабын бетінің ақаулары.

Орталық мәліметінше, соңғы бес жылда мердігер ұйымдар анықталған кемшіліктерді жалпы 1,6 млрд теңге көлемінде жойған.

Бұған дейін Алматы — Қостанай бағытында жаңа «Тальго» пойызы жүретіні хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар