Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қостанайда 1,5 келіден астам есірткі тасымалдаған курьер ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай қаласында өңіраралық бағытта есірткі тасымалдаған интернет-дүкеннің курьері ұсталды.

Қостанайда 1,5 келіден астам есірткі тасымалдаған курьер ұсталды
Видеодан алынған кадр

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 25 жастағы күдікті ел өңірлері арасында есірткінің ірі партияларын тасымалдап, кейін оларды жасырын орындарға жеткізумен айналысқан.

Тергеу барысында оның қылмыстық әрекетін жасыру үшін есірткі заттарын вакуумдық қаптамаға салып, құрғақ сүт қаптамаларының ішіне жасырғаны анықталды. Мұндай тәсіл тасымалдау кезінде күдік туғызбау және есірткіні анықтауды қиындату үшін қолданылған.

Күдіктіні ұстау кезінде заңсыз айналымнан жалпы салмағы 1,5 келіден асатын есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде меткатинон психотроптық заты мен кептірілген марихуана болған.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткі көлемі 10 мыңнан астам бір реттік дозаға тең. Осылайша, оның ықтимал тұтынушыларға таралуына жол берілмеген.

Қазір полиция қызметкерлері қылмыстық схеманы ұйымдастырушыларды, есірткіні жеткізу арналары мен интернет-дүкен жұмысына қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтап жатыр.

ІІМ интернет арқылы есірткі саудасына қатысқандарға, оның ішінде ұйымдастырушыларға, операторларға, «жасырын орынға қалдырушыларға» және курьерлерге заң бойынша қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Еске салайық, бұған дейін есірткі саудасынан түскен кірісті заңдастырған күдікті Грузиядан экстрадицияланғанын хабарлағанбыз.