Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қостанайда бұрынғы әйелін қызғаныштан атып өлтірген ер адам 12 жылға сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай қаласының тұрғыны бұрынғы әйелін аңшылық карабинмен атып өлтіргені үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылды.

п
Фото: pexels

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың мәліметінше, оқиға 2026 жылғы наурызда болған. Ер адам бұрынғы жұбайымен қызғаныштан туындаған жанжал кезінде оны өлтіру мақсатында аңшылық карабиннен екі рет оқ атқан. Оқ әйелдің басы мен кеуде тұсына тиген. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды.

Оқиғадан кейін сотталушы қылмыс орнынан кетіп қалған. Кейін полицияға өз еркімен барып, кінәсін мойындаған.

Сотта прокурор оған 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал жәбірленуші тарап ең жоғары жаза беруді өтінді.

Сотталушы кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Бұл жағдайлар жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

— Сот ер адамды адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Сонымен қатар сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, моральдық зиянды өтеу туралы шешім шығарды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ, — делінген сот таратқан хабарламада.

Бұған дейін БҚО-да аңшылық кезінде ауылдасын атып өлтірген тұрғынға үкім шыққанын жазған едік.