Қостанайда кәріз құбыры жарылып, саяжай учаскелері су астында қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайда қысыммен жұмыс істейтін кәріз коллекторының құбыры жарылып, маңайдағы аумақтар, соның ішінде «Энергетик» саяжай учаскелері су астында қалды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, сағат 19:38-де Қостанай қаласындағы Басты кәріз сорғы станциясы (БКСС) аумағында қысыммен жұмыс істейтін кәріз коллекторының ортаңғы желісінде жарылыс болған. Соның салдарынан станцияның өндірістік алаңы мен оған іргелес аумақтар, соның ішінде «Энергетик» саяжай қоғамының учаскелері суға кеткен.
Жергілікті БАҚ оқиға орнынан бейнематериалдар жариялады.
Апат орнына «Қостанай Су» мамандары барып, жағдайды бақылауға алды. Апат салдарын жою үшін коллектордың негізгі тораптарындағы жапқыштар жабылып, жүйедегі қысымды азайту мақсатында апатты су ағызу арнасы ашылған. Сонымен қатар дренаждық сорғылар іске қосылды.
Қазіргі уақытта жарылған тұстан ағынды су келуі тоқтатылған, су басқан аумақ толықтай оқшауланды. Мамандар суды апатты резервуарға айдап, тазалау және құрғату жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Апат салдарын жою жедел жөндеу бригадаларының күшімен жалғасып келеді.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, қала тұрғындарына қауіп жоқ, сондай-ақ су бұру жүйесінің жұмысына елеулі әсер ететін қауіпсіздік қатері тіркелмеген.
Бұдан бұрын Қостанай облысында дизель отыны құйылған резервуар өртенгені белгілі болды.