Қостанайда медицина қызметкеріне қоқан-лоқы көрсеткендерге қатысты қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайда медицина қызметкеріне қоқан-лоқы көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы полиция хабарлады.
Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесіне қарай процессуалдық шешім қабылданады.
Сонымен қатар медицина қызметкерін қорлаған азамат қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полицияның түсіндіруінше, қоқан-лоқы көрсету мен қорлау — құқықтық тұрғыдан екі түрлі құқық бұзушылық. Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада адамның ар-намысына тиетін қорлау белгілерімен қатар, қоқан-лоқы жасау белгілері де байқалады. Осыған байланысты әрбір дерекке жеке құқықтық баға берілген.
Бұған дейін сот медицина қызметкерін қызметтік міндетін атқару кезінде қорлағаны үшін ер адамға әкімшілік айыппұл салған еді.
Еске салайық, бұған дейін СҚО-да медицина қызметкеріне қол көтерген ер адам 1,5 жылға сотталғанын хабарлаған едік.