Қостанайда «Тобыл» ӘКК 10 жылдық даму стратегиясын таныстырды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Бүгін «Тобыл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басқармасының төрағасы Арман Әлиев Қостанай облысы билігінің назарына компанияның 10 жылдық даму стратегиясын ұсынды.

Қостанайда «Тобыл» ӘКК 10 жылдық даму стратегиясын таныстырды

Стратегиялық басымдықтардың ішінде инвестиция көлемінің артуы, мемлекеттік-жеке серіктестіктің дамуы (МЖС), компанияны корпоративті басқару жүйесін жетілдіру бағыттары бар.

«Алдағы он жылдың ішінде инвестициялық жобаларға салынатын салымдардың сомасы 2014 жылғы 4,9 млрд теңгеден 2023 жылы 6,9 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл бюджеттік қаражатты тартпай-ақ, корпорация есебінен жүзеге аспақ», - деді А.Әлиев. «Тобыл» ӘКК инвестициялық портфелінде барлығы 47 жоба бар. Барлығы да табысты жобалар. МЖС мәселесіне тоқталған корпорация жетекшісі: «Мемлекет жауапкершілігіне тиесілі салаларға жеке капиталды тарту көзделген. Бұл жерде білім берумен, құрылыспен және ЖОО жанындағы жатақханаларды, тағамдану комбинаттарын сақтау, балабақшалардың құрылысымен байланысты жобалар туралы айтылып отыр», - деді ол. ӘКК корпоративті басқару - корпорация қызметінің ашықтығын және оның жұмысының халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етеді.