Қостанайда тұрғындардан 211 миллион теңге иемденген алаяқтар сотталды
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — Қостанай облысының екі тұрғыны көліктерді кедендік рәсімдеуге және қаржылық мәселелерге «көмектесемін» деген желеумен таныстарының 211 миллион теңгеден астам қаржысын алдап алған.
Сот аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша үкім шығарды. Ондаған адамды алдап, ірі көлемде қаржы жымқырған екі тұрғын кінәлі деп танылды.
Белгілі болғандай, сотталушылар 2023 жылдың желтоқсан айынан 2024 жылдың қараша айына дейін топ болып әрекет етіп, өздерінің таныстары мен ауылдастарын бірнеше рет алдаған. Олар көліктерді кеденнен өткізу, есепшоттардағы тыйымдарды жою және басқа да «шешілетін мәселелер» үшін ақша сұраған. Жәбірленушілер несие алып, жинақтарын қолхат арқылы алаяқтарға берген.
Салдарынан 34 адам зардап шегіп, жалпы шығын 211 миллион теңгеден асты.
Прокурор сотталушыларды бас бостандығынан айыру жазасын және 10 жылға кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салуды сұрады. Жәбірленушілердің кейбірі жазаны қатаңдатуды талап етсе, енді бірі шешімді соттың еркіне қалдырды. Барлық азаматтық талаптар қанағаттандырылды.
Сотталушылар өз кінәларын мойындамады.
Сот айыпталушылардың кәмелетке толмаған балалары болуын жеңілдететін жағдай ретінде қарастырды. Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.
Күдіктілер кінәлі деп танылып, бір айыпталушы 6 жыл 8 ай, екіншісі 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылып, 10 жылға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Олар жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Ешқандай мүлік тәркіленген жоқ.
Жәбірленушілердің азаматтық талаптары толығымен қанағаттандырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Ақмола облысының тұрғыны ұлының жазасын жеңілдету үшін алаяққа 10 миллион теңге бергені туралы жаздық.