Қостанайлық тұрғынның үйінен 3 мылтық, 200 оқ-дәрі табылды
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай облысының прокуратурасы қаруды сақтау фактісі бойынша Қостанай қаласының тұрғынына қатысты қылмыстық істі айыптау актісін бекітті.

Тергеу барысында 2024 жылдың желтоқсанында бұрын сотталған азамат атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алып, тұрғылықты жерінде сақтағаны анықталды.
Тінту кезінде оның пәтерінен 3 аңшылық атыс қаруы тәркіленді, оның біреуі келте мылтыққа айналдырылған және 200 данадан астам патрон, оның ішінде «Парабеллум» тапаншасы мен «Калашникова - АК-74» автоматынан атуға арналған патрондар бар.
- Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 287- бабы 3-бөлігі, яғни атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу және сақтау бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Тергеу нәтижелері бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілді, - деп жазды бақылаушы органнан.
Айта кетерлігі, осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қару мен оқ-дәрілерді сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру шараларына қылмыстық жауаптылық көзделген. Жазаның максималды мерзімі - 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Бұл ретте, ол әрекеттерде өзге қылмыс құрамы болмаса, қару мен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсырған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Қаруды ерікті түрде тапсыру үшін кез келген полиция бөлімшесіне хабарласу қажет.
Бұған дейін Қостанай облысында блогерге бірнеше қылмыс жасады деген күдік келтіріліп отырғаны хабарланған.