Костенко шахтасындағы 46 кеншінің қазасы: үкім өзгеріссіз қалды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысындағы ең резонансты қылмыстық істердің бірі бойынша апелляциялық сот түпкілікті шешім қабылдады. Бірінші сатыдағы сот үкімі заңды деп танылып, толық көлемде орындалуға жатады деп шешілді.
Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 желтоқсанда қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Костенко атындағы шахтада болған жарылысқа қатысты сотталғандар мен олардың қорғаушылары берген апелляциялық шағымды қарастырды. Нәтижесінде Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы сотының 2025 жылғы 15 тамызда шығарған үкімі өзгеріссіз қалдырылып, заңды күшіне енді.
Қылмыстық іс шахтаның он лауазымды қызметкеріне қатысты қозғалған. Олардың қатарында шахта директоры, директордың орынбасары, бас инженер, жарылыс болған учаскенің басшысы, бірқатар учаске жетекшілері, бас механик және еңбек пен техника қауіпсіздігіне жауапты мамандар бар. Барлығы тау-кен жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзып, абайсызда екі және одан да көп адамның қаза табуына, сондай-ақ кеншілердің денсаулығына ауыр және орташа ауыр зиян келтіруге жол бергені үшін кінәлі деп танылды (ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі).
Сот барысында өнеркәсіптік, өрт және еңбек қауіпсіздігі қағидаларының сақталмауы жарылысқа себеп болғаны анықталды. Соның салдарынан 46 кенші қаза тауып, тағы 26 адам көмір шаңының жануынан пайда болған жарылыс толқыны мен көміртек тотығының әсерінен әртүрлі дәрежедегі жарақат алған.
Үкімге сәйкес, шахта директоры 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның орынбасарына, бас инженерге және учаске басшыларының біріне 7 жыл жаза тағайындалды. Айыпталушылардың біріне 6 жыл 6 ай, тағы үшеуіне 6 жыл, ал екеуіне 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Сонымен қатар сотталғандарға үш жыл мерзімге тау-кен өндіру саласында басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.
Облыстық сотта бірінші сатыдағы сот үкімін өзгертуге немесе күшін жоюға құқықтық негіздер анықталмағаны аталып өтті.