«Костенко» шахтасындағы апат бойынша айыпталғандардың аты-жөні белгілі болды
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов «Костенко» шахтасындағы апатқа қатысы бар деп айыпталған адамдардың аты-жөнін айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Бұл — қатардағы жұмысшылар емес, тікелей жауапкершілік арқалайтын инженерлік-техникалық персонал. Бұл — жауапты лауазымды тұлғалар. Олар да, материалдар да тергеу органдарына берілді. Кінәсін сот анықтайды. Жекелеп айтсақ, бас директор Яблонский, персонал жөніндегі директор Винокурова, Белый мырза, «АрселорМитттал Теміртаудың» көмір департаментінің атқарушы директоры Огай және басқалар», - деді Сырым Шәріпханов.
Еске салсақ, 28 қазан сағат 2:33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада апат болды. Апат кезінде шахтада 252 адам болған, жер бетіне 205 шахтер шығарылды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі. Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сондай-ақ, «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.
9 желтоқсанда шахтадағы жарылысқа ұласқан өрттің себептерін тексеру жөніндегі Үкімет комиссиясының қорытынды отырысы өтті. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі 100% анықталып, жұмысты қауіпсіз орындау талаптарын бұзған 19 жауапты тұлға анықталды.