ӘЧ-2026: Кот-д'Ивуар Эквадорды ұтып, доп додасын жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Кот-д'Ивуар құрамасы футболдан әлем чемпионатын жеңіспен бастады. Е тобының матчында африкалық команда Эквадор құрамасын 1:0 есебімен жеңді, деп хабарлайды FIFA-ның ресми сайты.
Кездесудегі жалғыз гол негізгі уақыттың соңғы минутында соғылды. Алаңға қосалқы құрамнан шыққан Амад Диалло қақпаның төменгі бұрышын дәл көздеп, өз командасына үш ұпай сыйлады және оны топ көшбасшылығына шығарды.
Матч қауіпті сәттерге толы болды. Екі команда жалпы төрт добы рет қақпа бағанасы мен маңдайшасынан қайтты.
Бірінші таймда эквадорлықтар есеп ашуға екі мәрте жақын келді. Әуелі Джон Йебоа алыстан соққы жасап, допты маңдайшаға тигізді. Артынша Алан Минда Педро Витенің пасынан кейін тағы да маңдайшаны көздеді.
Кот-д'Ивуар құрамасы да өткір шабуылдар ұйымдастырды. Ян Диоманде оң қапталда жиі қауіп төндірсе, Базумана Туренің соққысынан кейін қақпашы Эрнан Галиндес шеберлік таныттты.
Үзілістен кейін де командалар өзара шабуыл алмастыруын жалғастырды. Эквадор шабуылшысы Эннер Валенсияның бұрыштан тепкен добы қақпа бағанасына тиді.
Көп ұзамай кот-д'Ивуарлықтар да гол соғуға жақын болды, алайда Эли Вахидің дәлдеп тепкен добы сәл қиыс кетіп, маңдайшадан қайтты.
Матч соңында африкалық команда ойынды өз қолына алып, допты көбірек бақылауда ұстады. Қарсылас қорғанысына жасалған қысым 90-минутта нәтиже беріп, Амад Диалло жеңіс голын соқты.
Бұған дейін Нидерланд құрамасы мен Жапония құрамасы әлем чемпионатының алғашқы турында 2:2 есебімен тең түскені хабарланды.