ӘЧ-2026: Жапония мен Нидерланд жеңімпазды анықтай алмады

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі алғашқы турда Нидерланд мен Жапония құрамалары 2:2 есебімен тең түсті, деп хабарлайды FIFA-ның ресми сайты.

ӘЧ-2026: Жапония мен Нидерланд жеңімпазды анықтай алмады
Фото: FIFA

F тобының кездесуі АҚШ-тың Даллас қаласындағы стадионда өтті. Есеп екінші таймда ашылды. 50-минутта нидерландтық қорғаушы Вирджил ван Дейк Райан Гравенберхтің пасынан кейін баспен дәл соққы жасап, командасын алға шығарды.

Жапониялықтар көп күттірмей таразы басын теңестірді. Жеті минуттан кейін Кэйто Накамура төмен бағытталған дәл соққымен допты Барт Вербрюгген қорғаған қақпаға кіргізді.

64-минутта Крисенсио Саммервилл Нидерланд құрамасын қайтадан алға шығарды. Қапталдағы ойыншы айып алаңының ортасына қарай ойысып, нысанаға дәл көздеді. Оның тепкен добы бағанға тиіп қақпаға еніп кетті.

Ойын соңына дейін Рональд Куман жаттықтыратын команда жеңісті сақтап қалатындай көрінген. Алайда матчтың аяқталуына аз уақыт қалғанда жапониялықтар есепті теңестіріп үлгерді.

Бұрыштамадан кейін Коки Огава әуедегі тартыста басым түсіп, ал Даичи Камада 89-минутта допты қақпаға бағыттап, матчтың қорытынды есебін белгіледі – 2:2.

Бірінші таймда Жапония құрамасының қақпашысы Зион Сузуки бірнеше рет командасын құтқарып қалды. Ол Дониелл Мален мен Коди Гакпонің қауіпті соққыларын қайтарды.

Өз кезегінде жапониялықтар да қарсылас қақпасы маңында қауіпті сәттер ұйымдастырды. Олардың қатарында Кэйто Накамура мен Аясэ Уэда болды.

Бұған дейін Бразилия мен Морокконың бір-бірін жеңе алмағанын жаздық.