Көз ауруы жасарып келеді: глаукома мен катаракта 40-тан асқандардан да анықтала бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Глаукома мен катаракта негізінен жасы 70-тен асқан қарт адамдарда кездесетін дерт. Алайда соңғы жылдары бұндай диагноз 40-тан асқан азаматтарға да қойыла бастаған.
Әсіресе, глаукома ауруы жасарып барады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жылы 40-тан асқан тұрғындар арасында 171 832 адам скринингтен өткен. Зерттеу нәтижесінде 452 адамнан глаукома расталған.
— Бұл зерттеу қорытындысы бойынша 40 жастан асқандар арасында глаукоманың жалпы таралуы 2,37 ± 0,17% деп бағаланып, өсім барын көрсетті. Ал катарактаға қатысты деректер шектеулі болғанымен, ота жасау көрсеткіштері ауру санының артқанын білдіреді, – делінген министрліктің ресми жауабында.
Алдымен катаракта мен глаукоманың ара-жігін ажыратып алайық. Одан кейін орта жастағы азаматтар арасында бұл аурулардың не себепті дендеп бара жатқанын саралаймыз.
Глаукома: байқатпай соқырлыққа бастайтын дерт
Глаукома – көз ішілік қысымның жоғарылауынан дамитын көз ауруы. Ол көру жүйкесін зақымдап, дер кезінде емделмеген жағдайда соқырлыққа әкелуі мүмкін. Көз дәрігерінің айтуынша, бұл дерттің негізгі себептерінің бірі – тұқым қуалаушылық. Сонымен қатар артериялық қан қысымының көтерілуі мен жас ұлғаюы да қауіп факторларына жатады.
— Глаукоманың алғашқы белгілеріне көздің ауырсынуы, бас ауруы және көрудің нашарлауы жатады. Кей адамдар көз ішінде қара дақтар немесе шыбын-шіркей ұшып жүргендей әсерді байқайды. Алайда көп жағдайда ауру ұзақ уақыт бойы білінбейді. Сол себепті 30-40 жастан асқан әр адам жыл сайын көз дәрігерінің тексеруінен өтіп, глаукомаға скрининг жасатуы қажет, – деді офтальмолог Венера Әділова.
Министрлік дерегінше, глаукомаға шалдыққан қазақстандықтардың орташа жасы – 64 жас. Ал аурудың ең жоғары таралуы 71–75 жас аралығында тіркелген. Бұл дерттің қаупі уақыт өте келе арта түсетінін аңғартады.
— Глаукома бойынша Қазақстанда жыныстық айырмашылық та дәлелденген. Ұлттық зерттеу нәтижесіне сәйкес, әйелдердің бұл дертке шалдығу қаупі ерлермен салыстырғанда шамамен екі есе жоғары. Салыстырмалы қауіп көрсеткіші 1,91-ді құрады, - деп мәлімдейді ведомство.
Мамандардың айтуынша, көру қабілетін төмендететін бұл дерттің жасаруына өмір салтының өзгеруі, көзге түсетін жүктеменің артуы және денсаулыққа бейжай қарау әсер етіп отыр.
Катаракта: 10–15 минутта жасалатын көз операциясы
Ал катаракта – көз бұршағының бұлдырлануымен сипатталатын ауру. Мұндай жағдайда адам айналаны тұман ішінде жүргендей көреді.
— Катарактаның дамуына қант диабеті, қан қысымының жоғарылауы сияқты қосымша аурулар әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ гормоналды дәрілерді ұзақ қолдану мен зиянды әдеттер де ауру қаупін арттырады. Негізгі белгісі – көрудің бұлыңғырлануы. Кей адамдар мұндайда көзілдірік ауыстыру керек деп ойлап, оптикаға жүгінеді. Алайда мұндай жағдайда міндетті түрде офтальмологқа қаралу қажет, - деді көз дәрігері.
Маман сөзінше, егде жастағы науқастарда катаракта анықталса, олар арнайы кезек порталы арқылы тіркеуге алынады. Әдетте ота алты айдың ішінде жасалады. Сирек жағдайда катарактаның туа біткен түрі жаңа туған сәбилерде де кездеседі.
— Ота кезінде көздегі бұлыңғырланған «көз бұршағы» алынады, орнына жасанды линза қойылады. Операция 10–15 минутқа созылады. Тексеруден кейін науқас әдетте бірден үйіне қайтады. Қазіргі технологиялардың арқасында катарактаны емдеу жылдам жүргізіледі. Ал туа біткен катаракта жағдайында дерт сәбидің алғашқы тексерілуі кезінде анықталады. Диагноз расталса, бала Көз ғылыми-зерттеу институтының бақылауына алынады. Нәрестенің туылғанына екі айдан асқаннан кейін ғана ота жасалады.
Көз ауруларын емдеу тәртібі
МӘМС арқылы глаукома мен катарактаны хирургиялық жолмен ақысыз негізде емдеуге болады. Мамандардың айтуынша, бұл диагноздар қойылғаннан кейін науқастар арнайы портал арқылы тіркеліп, кезекке қойылады. Кезегі келген кезде операция МӘМС есебінен жасалады. Ол үшін офтальмолог дәрігердің жолдамасы қажет.
— Бұл жүйе Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы №168 бұйрығымен бекітілген офтальмологиялық көмекті ұйымдастыру стандартына сәйкес жүзеге асырылады. Глаукомасы бар пациенттер диспансерлік бақылауға алынып, кемінде жылына бір рет офтальмологтің тексеруінен өтеді. Сонымен қатар, олардың көру жағдайы мен көзішілік қысымы тұрақты бақылауда болады. Бұл ауруларды ерте анықтап, асқынудың алдын алуға мүмкіндік береді, - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Әдетте көз отасына кезек алты ай шамасында келеді. Әп-сәтте науқастың жанарына қайта жарық түсіп, көру қабілеті жақсарады. Ал глаукоманы емдеу анағұрлым күрделі. Бұл дертке жасалатын операция ұзақ бақылауды талап етеді.
— Глаукома кезінде көбіне лазерлік операциялар қолданылады. Алайда отадан кейін де науқас емін жалғастырады. Көз ішіндегі қысымды қалыпты деңгейде ұстап тұру үшін дәрігер арнайы көз тамшыларын тағайындайды. Науқас оларды уақтылы қолдануы қажет. Одан кейін көз біртіндеп жарыққа бейімделеді. Жағдайы қалыпты болса, науқас үйіне шығарылады, – деді Венера Әділова.
Бірақ науқастардың бәрі бірдей отаға бірден келісе бермейді. Бірі операциядан қорықса, енді бірі кезектің ұзақтығын алға тартады. Осындай кезде түрлі балама ем іздеп, көзге тамызатын дәрілерге жүгінетіндер бар. Алайда мамандар глаукома мен катарактаны тек дәрімен емдеу мүмкін емес екенін ескертеді.
— Көп адам операциядан қорқып, түрлі көзге тамызатын дәріге үміт артады. Бірақ бұл аурулар олай емделмейді, тек ота арқылы ғана жазылуға болады. Сондықтан жарнамаға сенбей, маман кеңесіне жүгінген дұрыс, - деді офтальмолог.
Маман кеңесі: көзді сақтау жолдары
Кең дүниені көзбен көреміз. Кей кезде алыс-жақындағы бейнелерді бұлыңғыр көргеннің өзінде алаңдай бастаймыз. Ал қос жанар мүлде көрмей қалса ше? Сондықтан көз саулығына салғырт қарамай, оның күтіміне ерекше мән берген жөн.
— Әр адам жылына кемінде бір рет көз дәрігерінің қабылдауынан өтіп, скрининг жасауы керек. Сонымен қатар, қант диабеті мен жоғары қан қысымы сияқты қатар жүретін ауруларды дер кезінде емдеу маңызды. Себебі бұл дерттер көз ауруларының асқынуына әкелуі мүмкін. Зиянды әдеттерден, атап айтқанда темекі шегу, энергетик пен алкогольді ішуден бас тартқан жөн. Мұның бәрі тек көзге емес, жалпы ағзаға да кері әсер етеді, - деді Венера Әділова.
Жаз мезгілінде көзге ультракүлгін сәуленің әсері күшейеді. Сондықтан маманның тағы бір кеңесі – күннен қорғайтын, UV-қорғанысы бар көзілдірік тағу. Сондай-ақ телефон, ноутбук сияқты гаджеттерді ұзақ қолданғанда үзіліс жасап отыру керек.
Айта кетейік, кеше Алматыда көзінің түсін өзгертпек болған әйел соқыр боп қала жаздағаны жайлы жазған едік.