Қожағапанов ісі: сот тергеуі қайта жалғасады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінгі сот отырысында бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов пен SUCCESS K агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзоваға қатысты іс бойынша сот тергеуі қайта жанданды.

Қожағапанов ісі
Фото: Kazinform

Бастапқыда судья тергеудің аяқталғанын жариялап, сот жарыссөздеріне көшуді жоспарлаған болатын. Алайда прокурор тергеуді қайта бастау туралы өтініш білдірді. Ол 2018 жылы Қазақстан мен Ресей форумын ұйымдастыру кезінде пайдаланылған тауарлар мен қызметтің нарықтық құнын бағалаған «Қызмет бағалау» ЖШС маманы Азат Ержановтан жауап алуға рұқсат сұрады.

Бұған дейін Ләззат Көккөзованың адвокаты аталған бағалау есептерінің дұрыстығына күмән келтірген болатын. Ал Ерлан Қожағапановтың қорғаушылары судьяның бұл шешіміне қарсы шығып, оның өкілеттігін асыра пайдаланып, сот ісін жүргізу тәртібін өз бетінше өзгерткенін айтты. Екі айыпталушының да адвокаттары аталған әрекет соттың тәуелсіздігін жоғалтады деп мәлімдеді.

Осылайша сот бағалау маманын 5 мамыр күні жауап алуға шақыру туралы шешім қабылдады. 
Бүгін бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановқа қатысты сот тергеуі аяқталғанын хабарлаған едік. 

Еске салайық, былтыр 1 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет және спорт экс-вице-министрін ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстады

Антикордың ақпаратынша, ол 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының XV өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасасуды қолдаған. 


Биыл наурыздың соңында Антикор аталған іс бойынша тергеу амалдары аяқталғанын хабарлады. Сондай-ақ сот қорғаушы және айыптаушы тараптың өтінішін қарастырғаннан кейін қылмыстық іс бойынша елордалық бағалаушылар палатасының маманын тарту туралы қаулы шығарды. 

Кезекті сот барысында мамандар 2018 жылдағы форумды ұйымдастыру және өткізу үшін ұсынылған тауарлар мен қызметтердің нарықтық құнын бағалайтыны айтылды. 

Кейін Ерлан Қожағапановтың ісі бойынша 2018 жылғы форумға жұмсалған шығынды тексеретін бағалаушы тағайындалды

Сондай-ақ сот отырысында бұрынғы вице-министрдің адвокаты қылмыстық істі тоқтатуды сұраған еді. 

Соңғы жаңалықтар