Қожамжаровқа қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр – Бас прокуратура
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев экс-сенатор Қайрат Қожамжаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жайында пікір айтты.
- Қожамжаровқа қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Сондықтан осы жұмыстың нәтижесін күту керек. Жалпы, осы іске қатысты басқа деректерді жариялай алмаймын. Тергеу ақталғаннан кейін, барлық мағлұматты жариялаймыз, - деді Ғ. Қойгелдиев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар журналистер қазір Қ.Қожамжаровтың қайда жүргенін сұрады.
- Оның бәрін тергеу барысында анықтаймыз, - деді Бас прокурордың орынбасары.
Еске салсақ, биыл қыркүйек айының басында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы төрағасы Қайрат Қожамжаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаны жарияланды.
Ол лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды және әртүрлі кезеңдерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деген күдікке ілінді.