ҚПЛ: 9 гол соғылған ойында «Тұран» елордалық командаға есе жіберді

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің ХХІV-турындағы тағы бір ойынның нәтижесі белгілі болды.

ҚПЛ: 9 гол соғылған ойында «Тұран» елордалық командаға есе жіберді
Фото: «Тұран» футбол клубы

Бұл турдағы екінші кездесуде «Жеңіс» (Астана) пен «Тұран» (Түркістан) командалары шеберлік байқасты.

Биылғы доп додасын екі команда да сәтсіз бастаған еді. Десе де елордалық клуб одан кейін жақсы ойын өрнегін көрсетіп, бірнеше тур бойы жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Нәтижесінде турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып, бірінші лигаға түсіп қалу қаупінен біржола құтылды. 
Есесіне «Тұранның» жағдайы мәз емес. Алғашқы турларда тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізген еді. Содан кейін сәтсіздік сериясы көз ашпаған ұжым турнир кестесінде төменгі жағына сырғып кетті.

Тіпті, бүгін Жезқазғанның «Ұлытауын» сырт алаңда 5:1 есебімен тізе бүктірген «Атырау» оларды соңғы орынға түсірді.

Кездесу барысында астаналық клуб бірінші кезеңде бес гол соғып кетті. Алдымен Дінмұхамед Қараман 6-минутта есеп ашса, ол 16-минутта тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсті. Одан кейін Всеволод Садовский 20, 27, Жиан Мартинс 42-минутта басымдықты арттырды. Оған «Тұран» сапынан Николай Солодовников 24, Юрий Перцух 44, Роман Чирков 45-минутта үш голмен жауап қайырды. 

Осылайша командалар бірінші кезеңде сегіз гол соғып үлгерсе, екінші кезеңде елордалық клубтан Зураб Тевзадзе соққан гол ойынның нүктесін қойды. 

Нәтижесінде қарсыласына 3:6 есебімен есе жіберген түркістандық клуб турнир кестесіндегі жағдайын қиындатып алды. Олар қазір ең соңғы 14-орынды місе тұтып, бірінші лигаға түсіп қалу қаупі туындап отыр. 

Енді аталған турда бүгін «Ақтөбе» мен «Қызылжар» (Петропавл) жасыл алаңға шығады.

Ал 28 қыркүйекте «Оқжетпес» (Көкшетау) пен «Астана», «Елімай» (Семей) мен «Ордабасы» (Шымкент), «Тобыл» (Қостанай) мен «Қайсар» (Қызылорда) шеберлік байқасады.

Сондай-ақ 5 қазанда «Қайрат» (Алматы) пен «Жетісу» (Талдықорған) ойнайды.

Соңғы жаңалықтар