ҚПЛ: Дастан Сәтпаев маусымдағы сегізінші голын салып, «Қайратқа» жеңіс сыйлады
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 11-турында алматылық «Қайрат» командасы «Ақтөбеден» басым түсті.

Екі клуб турнир кестесінде қатарлас келеді. Десе де кейінгі екі турда алматылық команда қатарынан екі мәрте жеңілістің ащы дәмін татып, турнир кестесіндегі жағдайын қиындатып алған еді. Сондықтан бүгін олар үшін жеңіс ауадай қажет.
Ойынның бірінші кезеңінде тізгін алматылық клубта болды. Соған қарамастан қонақтар гол соға алған жоқ. Екінші кезеңде «Ақтөбе» сапынан Аян Байдәулетов 50-минутта есеп ашып кетті. Одан кейін 70-минутта Дастан Сәтпаев қақпаны дәл көздеген еді. Дегенмен төреші оған дейін «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Валерий Громыко қарсыласын қолмен ұрып құлатты деген желеумен оны алаңнан қуды. Голды есепке алған жоқ.
Бір футболшының кем ойнағанына қарамастан алматлық клуб алға қарай ұмтылды. Нәтижесінде 75-минутта Александр Мартынович таразы басын теңестірсе, 87-минутта Дастан Сәтпаев биылғы біріншіліктегі сегізінші голын соғып, командасына жеңіс сыйлады. Осылайша «Қайрат» сырт алаңда қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, турнир кестесінде 26 ұпаймен екінші орынға көтерілді.
Сондай-ақ бүгін елордалық «Астана» сырт алаңда Семейдің «Елімай» командасын 2:0 есебімен жеңсе, Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында «Атырауды» 5:0 есебімен сүріндірді. Ал астаналық «Жеңіс» пен шымкенттік «Ордабасы» кездесуінде 2:2 есебі тіркелді.
Енді ертең, 31 мамырда «Ұлытау» (Жезқазған) мен «Тұран» (Түркістан), «Оқжетпес» (Көкшетау) мен «Қызылжар» (Петропавл), «Қайсар» (Қызылорда) мен «Жетісу» (Талдықорған) ойнайды.