ҚПЛ: «Елімай» сырт алаңда «Жетісуды» ірі есеппен жеңді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының алтыншы турындағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды.

Аталған турда Талдықорғанның «Жетісуы» өз алаңында Семейдің «Елімайын» қабылдады.
Қазірге дейін бес ойында бірде-бір мәрте үш ұпай олжалап көрмеген талдықорғандық команда бұл жолы жеңіске жетуге бар күшін салатыны анық еді. Дегенмен ойын барысында семейлік клуб жинақы қимылдай білді. Нәтижесінде олардың қатарынан Самюэль Одеоибо 2, Фессу Плакка 45, Фейсал Мулич 63-минутта мергендік танытты.
Осылайша «Елімай» қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде екінші орынға көтерілді.
Сондай-ақ қазірге дейін көкшетаулық «Оқжетпес» (Көкшетау) пен «Жеңіс» (Астана) 1:1 есебімен тең түсті.
Дәл қазір «Ақтөбе» мен «Ұлытау» (Жезқазған), «Астана» мен «Атырау» командалары ойнап жатыр. Елордалық клуб қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсуде.
Ертең, 27 cәуірде «Қызылжар» (Петропавл) мен «Қайсар» (Қызылорда) ойнаса, «Ордабасы» (Шымкент) мен «Тұран» (Түркістан), «Қайрат» (Алматы) пен «Тобыл» (Қостанай) шеберлік байқасады.