ҚПЛ: «Қайрат» пен «Елімай» тең тарқасты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Премьер-лигасының VII турының екінші ойын күнінде алматылық «Қайрат» өз алаңында Семейдің «Елімай» командасымен кездесті.

ҚПЛ: «Қайрат» пен «Елімай» тең тарқасты
Фото: «Елімай» футбол клубы

Командалар биылғы біріншілікті сәтті бастады. Нәтижесінде олар турнир кестесінде жоғары орындарға жайғасты. Сондықтан жанкүйерлер көкейінде қай команда жеңіске жетеді деп сауал болған еді.

Кездесу барысында алдымен семейлік команда есеп ашты. Олардың қатарынан 12-минутта Фессу Плакка есеп ашып кетті. Ал «Қайрат» сапынан 61-минутта Ойва Юккола таразы басын теңестірсе, 63-минутта Эдмилсон өз командасын алға шығарды. Ойынның 90-минутында «Елімай» сапынан Арсен Әшірбек гол соғып, қорытынды есепті белгіледі. Осылайша командалар 2:2 есебіне қанағат білдірді.

Айта кетсек, бүгін өз алаңында қостанайлық «Тобыл» Ақтаудың «Каспийінен» 2:1 есебімен басым түсті, ал Талдықорғанның «Жетісуы» Жезқазғанның «Ұлытауынан» 2:1 есебімен жеңді. 

Енді бұл турда бүгін, 26 сәуірде 20:00-де «Астана» - «Атырау» жасыл алаңға шығады.
Сондай-ақ 25 сәуірде шымкенттік «Ордабасы» сырт алаңда Петропавлдың «Қызылжарын» 2:1, «Ақтөбе» өз алаңында Павлодардың «Ертісін» 1:0 есебімен жеңді.

Ал «Оқжетпес» (Көкшетау) - «Қайсар» (Қызылорда) 1:1, «Алтай» (Өскемен) - «Жеңіс» (Астана) 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Соңғы жаңалықтар