ҚР Бас прокуратурасы ведомство атынан алаяқтар жалған хаттар жолдап отырғанын мәлімдеді

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Әңгіме мына мазмұндағы хаттар жөнінде болып отыр: «Сізге Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 18.03.2015 ж. №530491 алаяқтық бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу нәтижелері туралы ақпараттың көшірмесін жолдаймын. Қосымша: 4-парақта».
"Осыған орай, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мұндай хатты дайындамағанын және таратпағанын хабарлаймыз. Ақпарат таратылған электрондық пошталар прокуратура органдарына тиесілі емес", - делінген хабарламада. .
Мұндай хаттарды алған жағдайда оларды ашпауға кеңес беріледі, өйткені оларды алаяқтар қылмыстық мақсаттарда пайдаланып отыр. Сондай-ақ файлдарда компьютер иесінің мәліметтер базасын басқаруға мүмкіндік беретін зиянды бағдарламалар болуы мүмкін.
Сондықтан Бас прокуратура азаматтарға мұқият болуды және алаяқтардың арбауына түсіп қалмауды сұрайды. Осындай хаттар келген жағдайда Бас прокуратураның сенім телефонына қоңырау соғу қажет - 8 (7172) 71-26-20 .
Қазіргі уақытта осы дерек бойынша тексеріс жүргізілуде.