ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев РФ Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкинмен кездесті
ТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат - Осы күндері Мәскеуде жұмыс сапарымен жүрген еліміздің Бас прокуроры Асхат Дауылбаев Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкинмен кездесті.
Бұл ақпаратты ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі таратып отыр.
А.Дауылбаев әріптесіне жылы қабылдағаны және құқықтық мәселелердің кең ауқымы бойынша пікір алмасуға мүмкіндік жасағаны үшін алғысын білдіріп, Бас прокуратураның негізгі қызмет бағыттары, құқық қорғау қызметіндегі прокуратураның рөлі туралы айтып берді.
Тараптар жақын келешектегі жоспарларымен бөлісіп, қазіргі уақытта сапалық жағынан жаңа деңгейге көтеріліп отырған екіжақты ынтымақтастықтың болашағын талқылады. Әңгімелесушілер атап өткендей, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қазіргі стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру контекстінде екі мемлекеттің құқық қорғау органдарының өзара үйлесімді әрекет етуінің қажеттілігі туралы мәселе өзекті және сұранысқа ие болып отыр. Сондықтан қазіргі уақытта келісудің аяқталу сатысындағы ҚР Бас прокуратурасы мен РФ Тергеу комитетінің арасындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасын талқылау кездесудің басты тақырыбына айналды.
«Құжатқа сәйкес, лаңкестік және экстремистік бағыттағы қылмыстарды, экономика және жоғары технология саласындағы қылмыстарды, сондай-ақ қоғамға ерекше қауіп төндіретін басқа да қылмыс түрлерін тергеу тәжірибесімен бөлісу өзара қарым-қатынастың басым бағыттары ретінде анықталған. Сонымен қатар тараптар екі ел мамандарының біліктілігін арттыруға көмектесетін, екі ведомство арасындағы кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасайтын бірлескен консультациялар, ғылыми зерттеулер, семинарлар, сарапшылардың кездесулерін, өзге де білім беру бағдарламаларын өткізуді көздеп отыр», - делінген хабарламада.
Ведомствоның атап өтуінше, тараптар ынтымақтастық пен өзара түсіністіктің қалыптасқан тәжірибесін, келісімді жүзеге асырудың қылмыспен күресте күш-жігерді жұмылдырудағы маңыздылығын ескере отырып, құжатқа тездетіп қол қоюға және жемісті кәсіби байланыстарды тереңдетуге мүдделіліктерін қуаттады.