ҚР Бас прокуроры ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысымен кездесті
АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясының басшысы Даан Эвертспен кездесті.
ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметінің атап өтуінше, кездесу барысында сайлау процесіне мониторинг жүргізу жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ қызметі, сондай-ақ алдағы кезектен тыс президенттік сайлаудың заңдылығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Бас прокурор Эвертс мырзаны прокуратура органдарының сайлау кезеңіндегі жұмысымен таныстырып, сайлау заңнамасының бұзылуы туралы азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарау және оларды болдырмау бойынша шаралар қолданылып жатқаны туралы ақпараттандырды. Сонымен қатар түрлі мемлекеттік органдарға (әкімдіктерге, мәслихаттарға, Орталық және аймақтық сайлау комиссияларына), оның ішінде прокуратура органдарына азаматтар мен заңды тұлғалардан сайлау заңнамасына байланысты 291 өтініш түскендігін айтты.
Өтініштер мен шағымдардың басым бөлігі сайлау құқықтарының бұзылуына байланысты емес. Олар азаматтарды нақты тұратын жері бойынша сайлау тізіміне енгізу мәселелеріне қатысты. Барлық өтініштер заңмен белгіленген мерзімде қаралған және олар бойынша заң бұзушылықтар жойылды. Жеке өтініштер бойынша түсіндіру сипатындағы тиісті жауаптар берілді.
Бас прокурор электоралдық кезеңнің қалыпты жағдайда өтіп жатқандығын атап өтті. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың барлығының бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткiзулеріне тең жағдай жасалған.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысы сайлау барысын бақылау бейтарап түрде жүргізілетінін, ал барлық қорытындылар тек анықталған деректерге негізделетінін атап өтті.
Кездесу нәтижесі бойынша миссия және Бас прокуратура арасындағы байқаушылардың жергілікті аймақтардағы жұмыс сапарлары, сондай-ақ сайлау заңнамасының бұзылу фактілері бойынша ақпаратты тұрақты, уақтылы және толық алмасуға әрекеттесу туралы келісімге келді.