ҚР Білім және ғылым министрі қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасының алшақтығына алаңдаулы

Бүгін Астанада «Үздік ұстаз» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде ведомство басшысы білім саласындағы кейбір көрсеткіштерге тоқталды. Мәселен, бүгінде 7 402 жалпы білім беру мектептері жұмыс істеуде. Оның 78 пайызы (5 776) ауылдық және 21 пайызы (1 626) қалалық мектептер. Жалпы білім беретін оқу орындарында 2,5 млн. бала білім алуда, соның 51 пайызы (1,3 млн.) ауылдық жерлердің үлесінде.
«Бүгінде бізді қала мен ауыл арасындағы білім сапасы бойынша басталған алшақтық алаңдатады. Мемлекеттің міндеті - әлеуметтік мәртебеге немесе тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы орта білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Ауылдық балалардың қалалық қатарластарынан таланттылығы еш кем емес. Алайда, оларға мектепте тиісті білім берілмесе, біз осы оқушылардың алдындағы есіктерді жапқанмен тең болады», - деді министр.
Осы орайда А. Сәрінжіпов сапалы білімге деген теңдей қолжетімділік пен мүмкіндіктер нақты болуы керектігін қадап айтты.
Сөз соңында министр ауылдық ұстазға жоғары жағдай мен қоғамда лайықты сый-құрметті қамтамасыз ету үшін барлығын жасауға уәде етті.