ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Еуропалық білім қоры техникалық және кәсіптік білім беру саласында ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды
ҚР Білім министрлігі өкілдерінің айтуынша, декларация негізінде қазанның алдағы 26-шы жұлдызы күні Брюссель қаласында, Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Еуропалық комиссия президенті Хосе Мануэль Баррозо кездесуі барысында бұған дейін қол қойылған Келісімнің бір бөлігі ретінде - Ынтымақтастық хаттамасы қабылданатын болады. Оның нәтижесінде Қазақстан Турин үдерісінің толыққанды мүшесі болады. Бұл біздің мемлекетке халықаралық стандарттар негізінде техникалық сала мамандарын даярлау сапасын арттыруға, Еуропалық білім беру қорының барлық іс-шараларына қатысуға, қазақстандық кадрлардың біліктілігін шет елдерде арттыруға, халықаралық сарапшыларды аталмыш саланы дамытуға бағытталған өңірлік және ұлттық бағдардамаларды әзірлеуге және оларды жүзеге асыруға тартуға мүмкіндік береді.
Б.Әбдірәсілов, атқарылған үлкен жұмыстардан кейін Қазақстан Болон үрдісінің толыққанда мүшесі болғандығын атап өте келе: «Мұнда үкіметаралық деңгейде де, Қазақстан мен Еуропалық мемлекеттердің жоғары оқу орындарының арасында тығыз әріптестік байланыстарды орнату бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Министрліктің басымдықты бағыттарының тағы бірі Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін Турин үрдісіне қосу және бұл ретте Еуропалық білім беру қорының қолдауына ие болып отырғанымыз қуантарлық. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев техникалық және кәсіптік білім беру мамандарын даярлаудың білім беру жүйесіндегі орны мен маңызын атап көрсетті. Сондықтан білім берудің бұл деңгейі Мемлекеттің Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасына белсенді қатыстырылды», - деді ол.
Өз кезегінде М.Щербан, Қазақстанның білім министрін алдағы қазанның 25-26-сы күндері Турин қаласында өтетін конференцияға қатысуға шақырды.
«Конференция барысында ЖОО-лар мен техникалық білім беру салаларындағы байланыс мәселелері талқыланады және онда Қазақстан өзінің білім берудегі тәжірибелерімен бөлісе алады», деп атап өтті ол.