ҚР бірінші вице-премьері Теміртауда моноқалаларды дамыту бойынша семинар-кеңеске қатысады

Семинардың жексенбі, 13 мамыр күні өткен жұмысына ҚР Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ президенті Мақсат Мұханов, ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту комитетінің төрағасы Қайрат Әйтекенов, мемлекеттік органдардың, даму институттарының өкілдері, бірқатар облыстар мен моноқалалардың әкімдері қатысты.
Семинардың алғашқы күні қатысушылар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Тарихи-мәдени орталығында болды.
Сондай-ақ олар «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға атбасын бұрып, №2 домна пешінің және дайын өнімдерді үздіксіз құятын машина жұмысымен танысты.
Одан кейін, моноқалаларды дамытудың Кешенді жоспарларын әзірлеу, қаладағы негізгі кәсіпорындармен Әріптестік бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Моноқалаларды дамыту жөніндегі семинар-кеңестің жұмысы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметовтің қатысуымен бүгін, 14 мамыр күні жалғасады.
Еске сала кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған биылғы дәстүрлі Жолдауында ҚР Үкіметіне Моноқалаларды дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Елімізде барлығы 27 шағын қала бар, ағымдағы жылдың өзінде-ақ қалаларды абаттандыру үшін аталмыш бағдарлама аясында 6 млрд. теңге бөлініп отыр.