ҚР ДСӘДМ сарапшылары медицина қызметкерлерге медициналық сақтандыру мәселелерін түсіндіруде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ДСӘДМ сарапшылары медициналық қызметкерлер арасында медициналық сақтандыруды енгізу мәселелерін түсіндіру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Бүгін Қазақстанның барлық өңірлерінде республиканың медициналық қызметкерлері арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (әрі қарай - МӘМС) жүйесінің негізгі қағидаларын түсіндіру бойынша кең көлемді акция басталды. Құрамында денсаулық сақтау жүйесінің алдыңғы қатарлы мамандары мен ҚР ДСӘДМ медициналық қызметке ақы төлеу комитеті аймақтық департаменттерінің басшылары бар арнаулы мобильдік топтар кездесулер мен семинарлар өткізіп, МӘМС-ті енгізуге байланысты барлық сұрақтарға жауап беретін болады.

Орта медициналық қызметкерлерге Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың басқарма басшысы Абай Байгенжин, А.Н. Сызғанов атындағы Хирургия ұлттық ғылыми орталығының бас директоры Болат Баймаханов, Туберкулез проблемалары ұлттық орталығының директоры Жұмағали Исмаилов, С. Асфендияров атындағы ҚазМҰУ әкімшілік департаментінің директоры Василий Девятко, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Тілеухан Әбілдаев, «СК Фармация» ЖШС басқарушы директоры Серікбол Мусинов, Республикалық санитарлық авиация орталығының директоры Нұржан Отарбаев, «Республикалық Медициналық палата» қоғамдық бірлестігінің басқарма басшысы Мақсұт Құлжанов, ҚР денсаулық сақтау саласының қызметкерлері кәсіподағының басшысы Мереке Бутина, «Астана медициналық университеті» АҚ ректоры Мәжит Шайдаров және т.б. МӘМС жүйесінің ұтымды тұстарын толыққанды түсіндіретін болады.

Медициналық қызметкерлермен кездесу - ҚР ДСӘДМ-нің биыл өткізетін кең көлемді ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының алғашқы кезеңі болмақ. Әрі қарай МӘМС жүйесінің қағидалары, медициналық сақтандыруды енгізу кезеңдері мен оның ұтымды жақтары туралы тұрғындар мен жұмыс берушілерге түсіндіретін болады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталады. Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер - жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.

Мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен (әрі қарай - ТМККК) әрі қарай қамсыздандыруын жалғастырады. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакциналау кіреді.

Азаматтардың денсаулығын қорғаудың жалпыға бірдей құқығын қамтамасыз ету мақсатында сақтандырылмаған азаматтарға 2020 жылға дейін ТМККК аясында амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады. 

МӘМС аясында сақтандырылған азаматтарға жоғарғы технологиялық медициналық қызметтер, стационарды алмастыратын технологиялар, ұзақ мерзімді мейіргерлік күтім, амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.

Сонымен қатар, егер азаматтар ерікті сақтандыруға қатысатын болса, МӘМС жүйесінде қарастырылмаған медициналық көмек ала алады. Ол жеке сақтандыру компанияларымен бекітілген келісім шарт негізіне жүзеге асырылады.

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет, жұмыс берушілер, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (әрі қарай - ӘМСҚ) жарна төлеуді бастайды.

Ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшерлемесі орташа айлық еңбекақының 7% құрайды. Сонымен қатар мөлшерлеменің көлемі 2017 жылы 4%, 2018 жылдан бастап 5%-ға, 2023 жылдан 6%-ға, 2024 жылдан 7%-ға сатылай өсетін болады.

Жұмыс берушілер жарнасы мөлшерлемесінің жалпы көлемі кірістің 5%-ын құрайтын болады. Аударым 2017 жылы 2%-ды, 2018 жылы 3%-ды, 2019 жылы 4%-ды, 2020 жылы 5%-ды құрайтын болады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнасының мөлшерлемесі (жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар) олардың кірісінің 7% құрайтын болады. Ол 2017 жылы 2%, 2018 жылы 3%, 2019 жылы 5%, 2020 жылдан бастап 7% болады.

Жалдамалы жұмысшылар жарнаны 2019 жылдан бастап 1%, 2020 жылдан 2%-дық мөлшерде төлейтін болады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры (әрі қарай - ӘМСҚ) жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады, оның ішінде 12-сі - халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен қатар, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмыскерлері.

Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына:

- балалар;

- «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар I және II дәрежелі «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көп балалы аналар;

- ҰОС ардагерлері мен мүгедектері;

- мүгедектер;

- жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар;

- интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан тұлғалар;

- техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғарғы білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімдерде, сонымен қатар резидентура формасындағы ЖОО кейін білім алып жатқан тұлғалар;

- бала тууға, бала асырап алуға, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлғалар;

- жұмыс істемейтін екіқабат әйелдер, іс жүзінде 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыссыз азаматтар;

- зейнеткерлер;

- ең төменгі деңгейдегі қауіпсіздік мекемелерін есептемегенде сот шешімімен ҚАЖ мекемелерінде айыбын өтеушілер;

- уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларындағы азаматтар жатады.

Айта кету керек, МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмектің көлемі ӘМСҚ-ға төленетін жарна көлеміне тәуелді емес. Ең бастысы, жарна уақытылы әрі үнемі төленіп тұруы тиіс.

Қазақстанда қолданыстағы тәжірибеге сай ӘМСҚ-ға түсетін жарналарды бақылау ісін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетіне жүктеу ұсынылады.

Сарапшылардың болжамы бойынша МӘМС-ті енгізгеннен соң еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлықтай өсетіні, сондай-ақ, дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болады. Ауруханалар жоғарғы санатты жабдықтар мен қымбат дәрі-дәрмектер ала алатын болады. МӘМС адамға тексеруден өтуіне, қажет болған жағдайда өз қаржысын жұмсамай ем алуына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын көтеру, әлеуметтік қамтылуы, зейнетақы, жәрдемақы, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметкерлердің  жалақысы, студенттердің шәкіртақысы, тұрғын үймен, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру мәселелеріне Елбасы ерекше назар аударып келеді. Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылы Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында, 2015 жылғы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында, 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам - Ұлт жоспарында мемлекет саясатының осы бағытына басымдық беріледі.

«Біздің экспорттық шикізат ресурстарына бағаның құлдырауы бюджеттің кіріс бөлігіне қаржы түсуін төмендетуге алып келуде. Бірақ, соған қарамастан, Үкімет алдына оңай емес, алайда, нақты міндет - барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр», - деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы.

Серпінді экономикалық өсім көптеген жылдар бойы бізге белсенді әлеуметтік саясат жүргізіп, адамдардың өмір сапасын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік берді. Барлық жаһандық дағдарыстардың теріс ықпалына байланысты экономикамыз тап болған бүкіл қиындықтарға қарамастан, біз әркез қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып келдік. Он жылда әлеуметтік салаға мемлекеттік шығындар нақты көрсеткіш бойынша 3 есеге жуық өсті. Әлеуметтік сала мен мемлекеттік басқаруда жұмыс істейтіндердің саны 1,2 миллион адамнан асады. Мемлекет жәрдемақы мен төлемдердің үлкен көлемін қамтамасыз етуде. Оларды 1,5 миллионнан астам азамат алады.

«Экономикалық тәуекелдерге, жалпы, ештеңеге де қарамастан, біз халықты әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Мен 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда - 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінікі - 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі 40 пайызға дейін артатынын жариялаймын. Мұнда бюджет қызметкерлерінің түрлі категорияларына қатысты сараланған тәсіл қолданған ұтымды. Алдағы жылы мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың 25 пайыздық өсімі, сондай-ақ, стипендиялар қамтамасыз етілетін болады. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз инфляция  деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекстейміз. 2016 жылы «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға арттырылатын болады. Бұл мақсаттарға қаржыны біз бюджеттік шығындарды оңтайландырғаннан кейін үнемдейміз. Осылайша біз еңбекақыны өсіру үшін қаржы тауып, өзіміздің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерімізді орындаймыз!

Мен барлық әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған жіктерге сөзімді арнамақпын. Біз мұқтаждарға қашанда көмек қолын созып келдік. Сонымен қатар, әлеуметтік әділеттілік бұрмаланбауы тиіс. Өйткені, әрбір әлеуметтік төлем - бұл жай бюджетке ғана емес, әрбір жұмыс істейтін қазақстандыққа қосымша салмақ. Әлеуметтік әділеттілік идеясы жұмыс істейтін қазақстандықтарға қатысты әлеуметтік әділетсіздікке айналмауы тиістігін нақты түсіну керек. Бұл - солардың ақшасы!

Бүгін де тек Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы  ғана  сыртқы сілкіністерге орнықты, тиімді экономиканың нақты негізі болуға қабілетті. Азаматтарға әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатында Үкіметке 2016 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын жасауды тапсырамын. Бағдарламаларды қаржыландыру көлемі 2009-2010 жылдары жүзеге асырылған осыған ұқсас Жол картасымен салыстырғанда ұлғайтылатын болуы тиіс. Бұл жергілікті инфрақұрылымдарды дамыту мен елді мекендерді абаттандыру жобалары есебінен еңбек рыногының тұрақтылығын қамтамасыз ететін болады. Кадрларды кең ауқымды қысқа мерзімді қайта даярлау мен біліктілігін арттыру ұйымдастырылады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін микронесиелеу кеңеюде.

Бүгін мен жаңа әлеуметтік саясат жасау міндетін қоямын. Мемлекеттің әлеуметтік саладағы рөлі әлсіз қорғалған азаматтарды қолдаумен және адам капиталына инвестицияларды қамтамасыз етумен шектелетін болуы тиіс. Атаулы әлеуметтік қолдау тек мұқтаж адамдарға, олардың нақты табыстары мен өмір сүру жағдайын бағамдау негізінде, көрсетілетін болады. Басқалар ақшаны өздері, өздерінің еңбектерімен табулары тиіс. Азаматтарымыздың жекелеген топтарының ерекше сұраныстарын ескере отырып, өмір сүрудің ең төменгі деңгейінің құрылымдарын қайта қарау және оның түрлі деңгейлерін белгілеу қажет. Үкіметке үш ай ішінде әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін оңтайландыру бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын.

Еңбек ете алатындарға мемлекеттік қолдау тек олардың қайта оқуға немесе еңбекпен қамту бағдарламаларына қатысулары негізінде ұсынылатын болуы тиіс. Үкіметке әлеуметтік көмектің мұндай түрлерін 2017 жылдан бастап енгізуді тапсырамын. Әлеуметтік саясаттағы мемлекеттің басымдығы адам капиталын дамытуға кең ауқымды инвестициялар болуы тиіс. Біз бұған дейін қабылданған бағдарламаларға сәйкес, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуды жалғастыруымыз керек. Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба - «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялаймын. Үкіметке оны жасауға кірісуді тапсырамын», деп атап өтті Елбасы.

«Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды», деген болатын Мемлекет басшысы.

Тұтастай алғанда, Жолдауда ілгерілетіп отырған шаралардың барлығы нақты сипатқа ие және, әдеттегісінше, сенімді қаржыландырумен қамтамасыз етілген. 2014-2015 жылдары шағын және орта бизнесті дамытуға 1 триллион теңге бөлініп үлгерілген болатын. «Нұрлы Жол» бағдарламалары жобаларына - 2,7 триллион теңге. 2,7 триллион теңге Қазақстанға халықаралық қаржы ұйымдары тарапынан бөлінді. Қытай Халық Республикасы 2,7 миллиард доллар көлемінде несие берілді. Тұтастай алғанда, осы Жолдау жобаларын жүзеге асыруға 7,5 триллион теңге тартылмақ. Осы қаржыларды тиімді пайдалану - Үкіметтің басты міндеті және жауапкершілігі.

«Қиындықтарды еңсеруде біз жалғыз емеспіз. Өзіміздің салмақты сыртқы саяси қызметімізбен біз бүкіл әлем бойынша көптеген достар таптық. Олар бізді қолдап келеді. Сіздер менің сапарларыммен әлемнің жетекші елдерінің көшбасшыларымен келіссөздерімнің куәгерлері болдыңыздар. ҚХР-мен 23 миллиард долларға шикізаттық емес сектордағы ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл - 40-тан астам жаңа кәсіпорын салынады деген сөз. Лондон мен Парижге сапарларым да, экономикалық ынтымақтастық тұрғысынан алғанда, табысты болды. Жасалған келісімшарттардың жалпы сомасы 11,5 миллиард долларды құрайды. Елімізге Ресей Президентінің сапары біздің дәстүрлі ізгі көршілестік қарым-қатынастарымыздың тұрақтылығы мен беріктігін  және экономикалық интеграцияның дамып келе жатқанын көрсетті. Жапония премьер-министрінің сапары инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтетін болады. Бізге тұңғыш рет «Тойота» концерні келіп, Қазақстанда автомобильдер шығарады», деді Елбасы.

Дүниежүзінде біз бастаған реформалар туралы, Жүз қадам туралы жақсы біледі және оларды қолдайды. Біз достарымыздың көңілін қалдырмауға тиіспіз. Бұл реформалар, мен аталған Жолдауда алға қойған олармен өзара байланысты міндеттерді орындау оңай болмайды, мүмкін, тіпті, ауыр соғуы ықтимал. Бірақ, оларға балама жоқ. Егер біз осының бәрін жасамайтын болсақ, онда әлемдік дамудан үмітсіз кейіндеп қаламыз. Бірақ біз, әдеттегідей, белгілегендеріміздің бәрін жасаймыз.

 

Экономиканың қарқынды дамуы еңбек қатынастарының жаңа түрін қалыптастыру үдерісіне айрықша назарды қажет етеді.

Осы мақсатпен Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек кодексі қабылданды. Ол Халықаралық еңбек ұйымы мен ЭЫДҰ-ның еңбек стандарттарына негізделген. Еңбек шарты жағдайларын өзгерту ресімдері заңнамалық тұрғыда оңайлатылған, еңбек ұжымдарында өзін өзі басқару жүйесін енгізу бойынша шаралар, жұмысшылар мен жұмыс берушілердің ұжымдық келіссөздері тетігі қарастырылған.

Білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларын реформалау адам әлеуетінің сапасын арттыруға жағдай жасайды. Білім беру саласында мектепке дейін және мектепте білім берудің жаңа үйлестірілген стандарттарын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Білім беру үш тілде - қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілетін болады.

Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы (МИИДБ) жобалары үшін кадрлар даярлау деңгейін арттыру бойынша шаралар қабылданды.

Тұрғындардың денсаулығын сақтау саласындағы басты міндет - міндетті медициналық сақтандыруды енгізу. Арқаулық медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін көрсетуде жеке сектордың үлесін ұлғайту есебінен бәсекелестік орта кеңейеді және денсаулық сақтау қызметінің сапасы артады.

Медициналық қызметтің сапасы бойынша бірлескен комиссия құрылатын болады.

Медициналық мекемелерде басқарудың корпоративтік моделін енгізу қарастырылған.

Сол сияқты мұқтаж тұрғындарға оның атаулы сипатын күшейту арқылы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін оңтайландыру жоспарланып отыр.

Мұндай көмек табыстары отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50 пайыз төмен отбасыларына көрсетілетін болады. Сонымен бірге көмек алушылар жұмыспен қамтуға ықпал ету және әлеуметтік бейімделу бағдарламаларына міндетті түрде қатысатыны туралы әлеуметтік келісімшарт бекітеді.

Әлеуметтік көмек көрсетудің мұндай түрлері мен қағидаттары 2018 жылдан бастап енгізіледі.

Бүтіндей алғанда, жаңа әлеуметтік саясаттың аса маңызды қыры адам әлеуетін дамытуға инвестициялардың біртіндеп өсіп отыруына байланысты болмақ.

Қаржыландыру көлемін арттыра отырып, Жұмыспен қамтудың жол картасы өзекті етіле түседі. Оның бағдарламаларына қатысу еңбекке қабілетті халыққа қысқа мерзімді қайта даярлау курстарынан өтуге, өзінің біліктілігін арттыруға, шағын несие алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Жаһандық дағдарыстың ағымдағы ықпалына байланысты объективті қиындықтарды еңсеруге жағдай жасайды.

2017 жылы «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім» жаңа жобасын жүзеге асыру басталады. Оған қатысу, әсіресе, жас қазақстандықтарға олардың өмірлерінде кәдеге асатын арқаулық еңбек дағдыларын алуға жағдай жасайды.

 
Соңғы жаңалықтар
telegram