ҚР-дың Франциядағы Елшілігі мен Өскемен кітапханасы ынтымақтастық мәселесін талқылады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскеменге «Алтай Агро Инвест-2015» атты халықаралық форумға қатысу үшін келген Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Франсис Этьен мырза А.С.Пушкин атындағы кітапханаға барды.

ҚР-дың Франциядағы Елшілігі мен Өскемен кітапханасы ынтымақтастық мәселесін талқылады

Құрметті қонақпен бірге хаттама және байланыстар бойынша кеңесші Раушан Әшімбаева, Франция Елшілігі экономикалық бөліміндегі атташе Сирил Низар, «Бизнес Франс» (Business France) агенттігінің директоры Лоран Дамас, «Бизнес Франс» (Business France) агенттігі директорының орынбасары Стевен Бостроэм, «Бизнес Франс» агенттігінің ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша маманы Рүстем Жапаров жүрді.

Франциялық делегацияның сапары - қарапайым сыпайылық белгісі емес. Іс жүзінде Франция Елшілігі мен А.С.Пушкин атындағы кітапхананың бұрыннан тығыз мәдени байланыстары бар.

Францияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен кітапханада француз әдебиетінің залы жұмыс істеп, француз әні, киносының фестивальдары, әдеби көрмелер ұйымдастырылып жатқанына 12 жыл болды. Залды пайдаланушылар мұнда оқу-әдістемелік курстардың топтамасын, мамандандырылған сөздіктер, медиа-құралдар, елтану және көркем әдебиетті пайдалана алады.

Кітапханада өткізілген экскурсиядан кейін «Берель» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығының «Ұлы мұра» экспозициясы франциялық делегацияның назарына ұсынылды. Қонақтар мұражай әдіскері Жанар Елемесованың Берель қорғандарының сенсациялық жаңалықтары туралы ерекше әңгімелерін үлкен қызығушылықпен тыңдады.

Этьен мырза кітапхана қызметкерлерімен бірге француз әдебиетінің залын дамыту болашағы мен мәдени ынтымақтастық жоспарларын талқылады. Ол франциялық қорға промо-материалдар (QR-кодтары бар бүктемелер, флаер, постерлер) мен атақты Эйфель мұнарасының сәндік мүсіншесін табыстады.