12:18, 07 Наурыз 2009 | GMT +5
ҚР Елшісі А.Смирнов Беларус Республикасы премьер-министрінің орынбасары И.Бамбизамен кездесті
МИНСК. Наурыздың 7-сі. ҚазАқпарат – ҚР Елшісі А.Смирнов БР премьер-министрінің орынбасары И.Бамбизамен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесудегі басты мақсат БР премьер-министрінің бірінші орынбасары В.Семашконың Қазақстанға жасаған жұмыс сапары кезіндегі қол жеткен екі жақты уағдаластықтарды одан әрі жүзеге асыру мәселелерін пысықтай түсу болды. Жүздесу кезінде қазақстандық дипломат әлемдік дағдарыстың салдарын жою және Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың ҚР Үкіметі қабылдаған шаралары туралы айтып берді. Ал И.Бамбиза өз тарапынан ҚР-ның мемлекеттік бағдарламасына қазақстан-беларус бірлескен жобаларының енгізілуіне қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Әңгіме барысында елші жұмыс тобын құру туралы келісімге қол жеткізілгендігі жайлы, онда екі жақ та тұрақты түрде бір-бірімен тәжірибе алмасып тұратындығы, алғашқы болып «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының өкілдері Минскіге келеді деп жоспарланып отырғандығы туралы хабардар етті.
Сондай-ақ кездесу кезінде алдағы уақытта өтетін, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық қазақстан-беларус комиссиясының ҮІ отырысының да бірқатар мәселелері сөз болды. Бұдан басқа, А.Смирнов қазақ жазушысы М. Әуезовке Минскіде барельеф орнату туралы шешімге қолдау көрсеткені үшін И.Бамбизаға алғысын білдірді. Сондай-ақ елші беларус вице-премьеріне өзінің наурызда көзделіп отырған осы ел аймақтарындағы жұмыс сапарының кестесі жайлы хабардар етті. Осыған орай И.Бамбиза агроөнеркәсіп кешендерін, сүт зауыттарын және өзге де өнеркәсіп өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды аралауға кеңес берді.
Тараптар бұл кездесуге қанағаттанғандықтарын білдіріп, қазақстан-белорус ынтымақтастығын одан әрі дамытуға барлық күш-жігерлерін жұмсауға уәделесті.