19:39, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
ҚР Елшісі Литва Премьер-министрімен кездесті
АСТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат – Вильнюсте Қазақстан Республикасының Елшісі Ғалымжан Қойшыбаев Литва Премьер-министрі Андрюс Кубилюспен кездесті, оның барысында екіжақты қатынастардың өзекті мәселелері, экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың келешегі талқыланды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Елші литвалық премьерді Қазақстанның ағымдағы экономикалық жағдайы және Үкіметтің қолға алып жатқан дағдарысқа шаралары туралы хабардар етті. «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы және ҚР мен ЕО арасындағы әріптестік пен ынтымақтастық туралы жаңа келісім жасау бастамалары тұрғысында еуропалық елдермен өзара іс-қимылды жандандыруға айрықша назар аударылды.А.Кубилюс Қазақстан мен Еуроодақтың жақындасуына бағытталған үдеріске Литва тарапынан қолдау көрсетілетініне сендірді. Ол екі ел арасында сауда-экономикалық, әсіресе энергетика, көлік-транзит және инвестиция салаларындағы байланыстарды жандандыруға мүдделі екенін жеткізді. Осыған байланысты литвалық премьер Қазақстан өкілдерін осы жылдың күзіне жоспарланып отырған Вильнюсте өтетін ірі халықаралық көлік конференциясына қатысуға шақырды. Литва үкіметінің басшысы соңғы жылдары екіжақты тауар айналымының көрсеткіштері серпінді өсіп келе жатқанын және оны одан әрі ұлғайтудың елеулі әлеуеті бар екенін атап өтті. Кездесу соңында А.Кубилюс қазақстандық Үкіметке әлемдік қаржы дағдарысының салдарын еңсеруде табыс тіледі және екіжақты әріптестікті нығайтуға сенімін білдірді.