17:34, 16 Қаңтар 2009 | GMT +5
ҚР Елшісі Мажарстан Президентімен кездесті
АСТАНА. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат – Будапештте Мажарстан Республикасының Президенті Ласло Шойом осы елде тіркелген дипломатиялық миссия басшыларын ресми қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат осы елдегі ҚР Елшілігіне сілтеме жасап. Осы қабылдау ауқымында ҚР. Елшісі Р.Ыбыраев Президент Л.Шойоммен кездесті. Әңгіме барысында қазақстандық дипломат Президентті Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдаймен таныстырды, ел басшылығының әлемдік қаржы дағдарысының салдарын еңсеру жөніндегі қолға алып жатқан шаралары, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына орай еліміздің халықаралық бастамалары, соның ішінде Еуроодақ елдерімен, атап айтқанда, Мажарстанмен бұрынғыдан да тығыз байланыс орнату, «Еуропалық жол» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында Мажарстанда болған сапары кезінде екі президент арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуы барысына тоқталды. Л.Шойом Президент Н.Назарбаевпен соңғы кездесуін жылы шыраймен еске алып, қазақстан-мажар қатынастарының қарқынды дамып отырғанын атап өтті. Ол ҚР сыртқы саясатының еуропалық секторының дамуына қанағаттанғандығын білдірді. Өз тарапынан қызығушылық тудырған «Еуропалық жол» қазақстандық бағдарламасын жүзеге асыруға Мажарстанның көмегін ұсынды. Әңгіме соңында Л.Шойом Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстан халқына өзінің шынайы тілектерін жеткізді.