13:46, 25 Қаңтар 2009 | GMT +5
ҚР Елшісі және Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Е.Қазыханов МАГАТЭ Бас директоры Мохамед әл-Барадейге сенім грамотасын тапсырды
АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасының Австриядағы Елшісі және Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Ержан Қазыханов МАГАТЭ-нің Бас директоры доктор Мохаммед әл-Барадейге сенім грамотасын тапсырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Кездесу барысында Қазақстан мен МАГАТЭ арасында атом энергетикасын дамыту және осы беделді ұйыммен өзара іс-қимылдың басқа да бағыттары саласындағы ынтымақтастық туралы кеңінен пікір алысылды.МАГАТЭ жанындағы ҚР-ның тұрақты өкілі Е.Қазыханов Бас директорды Қазақстанның саяси және экономикалық дамуы туралы хабардар етті. ҚР МАГАТЭ-нің атом энергиясын адамзаттың игілігі үшін бейбіт мақсатта пайдалану, ядролық қаруды таратпау режімін нығайту және халықаралық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған қызметін қолдайтыны атап өтілді. ҚР тұрақты өкілі Қазақстанның осы саладағы негізгі халықаралық конвенциялар мен келісімдерге қосылғанын және Орталық Азияны ядролық қарудан азат және оны қолданбау кепілдігі туралы шарт пен келісімге қосымша хаттаманы бекіткенін атап өтті. Елші бұнымен қоса Қазақстанның осы шартты ратификациялау ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалануда ынтымақтастықты дамытуға, радиоактивтік бүлінуден зардап шеккен аумақтарды экологиялық оңалтуға, аймақтық және халықаралық тыныштық пен қауіпсіздікті нығайтуға жәрдемдесетінін атап өтті.Өз тарапынан М. әл-Барадей Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті және еліміз бен Агенттіктің арасындағы одан әрі жемісті ынтымақтастыққа үмітін білдірді. Атап айтқанда, Бас директор Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы және ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы қарусыздану мен ядролық қаруды таратпауға Қазақстанның қосқан тарихи үлесі екенін атап көрсетті.Бас директор МАГАТЭ Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың қарусыздану, аймақтағы және тұтастай алғанда әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға саласындағы қызметін жоғары бағалайды деп мәлімдеді.