ҚР Мемлекеттік хатшысы «Дарын» арнайы лицейінің ашылу салтанатына қатысты (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Астана қаласындағы жаңа №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің ашылуына қатысты.

ҚР Мемлекеттік хатшысы «Дарын» арнайы лицейінің ашылу салтанатына қатысты (ФОТО)

Мемлекеттік хатшы Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылған мектеп Астана мен өзге де өңірлерден келген дарынды балаларға терең білім беретініне сенім білдірді. «Ертең елорданың Астанаға ауысқанына 18 жыл толады екен, бірнеше күннен кейін Тәуелсіздігіміздің 24 жылдығы тойланады. Міне, осындай мерейтойлардың қарсаңында тағы да бір мектеп балаларға есігін ашты. Бұл мектеп дарынды балаларға арналған білім ошағы болмақ. Астанаға көшіп келгенде бар болғаны 34 мектеп жұмыс істейтін, ал қазір олардың саны тоқсаннан асады. Сонымен қатар елорда ауысқанда бұрынғы Ақмоладағы балалардың туу көрсеткіші жылына бірнеше мың бала ғана еді. Ал соңғы статистикаға қарасақ, биылдың өзінде 25 мыңға жуық сәби дүниеге келді», - деген Мемлекеттік хатшы бұның барлығы еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының тұрақтылығын байқатады деп атап өтті. «Өз кезегінде, оқушыларымыз да жақсы көрсеткіштерге ие болып жүр. Бұрын Қазақстан оқушылары халықаралық білім олимпиадаларында 35-50-ші орындар алатын. Соңғы бір-екі жылда Қазақстанның балалары халықаралық олимпиадаларда 15-ші орын алып отыр», - деді Г.Әбдіқалықова. Мемлекеттік хатшы атап өткендей, бүгін өзі лентасын кескен №82 «Дарын» мамандандырылған лицей оқушыларының арқасында Қазақстан халықаралық білім додаларының алғашқы ондығына кіруі тиіс. Айта кетейік, №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің ашылуына сондай-ақ Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев, Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, Мәжіліс депутаттары мен білім саласының қызметкерлері қатысты.