16:54, 06 Желтоқсан 2012 | GMT +5
ҚР Мемлекеттік хатшысы М.Құл-Мұхаммед БАӘ-нің елшісі Ибрахим Хассан Сайфты еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады
АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ибрахим Хассан Сайфты еліміздегі дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметінен.

М.Құл-Мұхаммед дипломатқа Мемлекет басшысының атынан оның екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуына қосқан елеулі үлесі және БАӘ-нің Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларына белсенді атсалысқаны үшін алғыс айтты.
Кездесуде біздің елдеріміз халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің негізгі мәселелері бойынша ұқсас позиция ұстанатыны атап өтілді. Сонымен қатар, Біріккен Араб Әмірліктері Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің белсенді мүшесі болып саналады.
ҚР Мемлекеттік хатшысы екі мемлекеттің инвестициялық саладағы серіктестігін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда БАӘ қаржысының қатысуымен мұнай-газ секторы және жылжымайтын мүлік саласында бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.